НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. Қазақстанның қорғаныс министрлігі әскери техниканың теміржол көлігімен қайда тасымалданып жатқанын айтты.
Әлеуметтік желіні теміржол арқылы тасымалданып жатқан әскери техниканың суреттері дүрліктірді.
"Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін әскери техниканы Батыс Қазақстаннан еліміздің оңтүстік өңіріне қарай осы жылдың 25 ақпаны мен 3 наурызы аралығында теміржол көлігімен жоспарлы тасымалдау жұмыстары атқарылып жатыр", - делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Сондай-ақ Ақтау гарнизоны әскери бөлімін жасақтау үшін Алматы облысынан әскери техникалар жөнелтілді.
Әскери ведомство бұл іс-шаралардың жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бұған дейін қорғаныс министрлігі қазақстандық әскерилердің Украинаға жіберілгені туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.