Экономика

Қазақстанның қор биржасы бүгінгі ақаулықтың себебін түсіндірді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Қазақстан қор биржасы таңертеңгі сауда-саттық не себепті кейінге шегерілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевскаяның айтуынша, қор биржасында құнды қағаздардың сауда-саттығы өтеді. Ал шетелдік валюта бөлек сауда жүйесінде саудаланып тұрады. Ол жүйе штаттық режимде қосылды. Қазір де солай істеп жатыр.
"Қор биржасында бүгін техникалық ақаулық болды. Сол жерде құнды қағаздар да саудаланады. Сондай-ақ, РЕПО операциялар жасалады. Таңертең осы сауда жүйесінен шыққан ақаулықты ақпараттық технологиялар бөлімінің мамандары бірнеше сағаттың ішінде түзетті. Қазір қор биржасы әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Барлық құнды қағаздың саудасы мен РЕПО операциялар ашылды", - деді Хорошевская арнайы онлайн брифинге.
Оның айтуынша, қор биржасындағы құнды қағаздар саудасы 11:30-да басталады. Бірақ бүгін техникалық ақаулыққа байланысты оны 14:00-ге ауыстыруға тура келді. Сол кезде құнды қағаздар саудасы сәтті іске қосылды. Ал валюталық сауда-саттық штаттық режимде жұмыс істеген.
"Түсінікті болу үшін тағы қайталап айтайын, шетелдік валютамен жасалған барлық сауда-саттық уақытында басталды және штаттық режимде өтті. Ешқандай шектеулер болған жоқ. Ал ақалаулық бөлек жүйеде болған", - деп атап көрсетті Хорошевская.
Теңгемен депозит ашқан қазақстандықтарға өтемақы төленеді