Өңірлер

Мұнай компаниясының қызметкерлері кәсіподақ құрғаны үшін жұмыстан қуылған

Тексеріс кезінде 12 жұмысшының құқығын бұзу фактісі анықталды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Қызылорда облысында 12 жұмысшыны кәсіподақ құрғаны үшін жұмыстан шығарып жіберген. Бірақ сот шешімімен жұмыс беруші оларды қайтадан қызметке алуға міндеттелді.
Облыстық кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Марат Байымбетовтың айтуынша, былтыр қыркүйек айында "ҚазПетролГрупп" ЖШС-інде 15 адамнан тұратын кәсіподақ құрылған. Олар жұмысшылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәсіподақтың мақсат-міндеттерін айтқан. Бірақ көп ұзамай, бастама көтерген 12 адамды "тараптардың мәмілесі", яғни еңбек келісімшартын мерзімінін бұрын бұзу нормасы негізінде жұмыстан шығарып жіберген.
"Осылайша жекеменшік компания жаңадан құрылған кәсіподақтан құтылды. Бірақ 12 адамның бәрі облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасына ұжымдық арыз жазып, жұмыстан заңсыз шығарғанын мәлімдеді", - дейді Байымбетов.
Артынан еңбек инспекциясы жоспардан тыс тексеріс жүргізуге шешім қабылдады. Сол кезде 12 жұмысшының құқығын бұзу фактісі анықталған, еңбек жағдайы жасалмаған.
Жұмыс берушіге тәртіп бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым табысталды. Осыдан кейін кәсіподақ құрған жұмысшылар сотқа арыз түсіріп, бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды талап етті.
"Жұмыстан шығарылған 12 адамның арыз-талабы толығымен қанағаттандырылды. Ал жұмыс берушінің әрекеті заңсыз деп танылды", - деп атап өтті Байымбетов.
Жақында қалалық сот жұмысшыларды қайта қызметке алуға шешім шығарды. Сондай-ақ жұмыс беруші мәжбүрлі түрде жұмыстан қалған адамдардың жалақысын төлеп беруге міндеттелді.
Өңірлер
Тоқаев Маңғыстаудағы наразылықтарға қатысты тапсырма берді