НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан — Sputnik. Банктер ақша аударымдары туралы мәліметтерді мемлекеттік кіріс органдарына беретін болады. 2025 жылға дейін табысы туралы салық органдарына ақпарат берілетін адамдар тізімі кеңейеді деп жоспарланып отыр.
"2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілгендер және олардың жұбайы бойынша ақпарат беріледі", - делінген мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратында.
Салық кодексі аясында 2025 жылға дейін екінші деңгейдегі банктер мемлекеттік кіріс органдарына жеке тұлғалардың мынадай санаттары бойынша кезең-кезеңмен ақпарат береді:
1-кезең.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілгендер және олардың жұбайы бойынша ақпарат беріледі.
2-кезең.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайы бойынша ақпарат беріледі.
3-кезең.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайы, жеке кәсіпкерлер (ИП) және олардың жұбайы
4-кезең.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың қалған барлық санаты бойынша ақпарат беріледі.
Қандай аударымдарға салық салынады
Жеке тұлғаның банктік шотына 3 күнтізбелік ай қатарынан әр түрлі 100 және одан көп адамнан ақша түссе, салық салынады. Өйткені бұл кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгісі болып саналады.