Қоғам

Қазақстанда терминал арқылы Сириядағы содырларға ақша аударып келген азамат анықталды

Тағы бір қазақстандық интернет көмегімен есірткі сатып, ақшаны төлем терминалдары арқылы алып отырған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігі QIWI-әмиян көмегімен сириялық содырларға демеуші болған азаматты анықтады.
Тергеу көрсеткендей, азамат Сириядағы содырлардың шетелдік QIWI-әмиянына жүйелі түрде ақша аударып келген.
"Айта кетері, азаматтың күмәнді операциялары жайлы алғашқы ақпарат QIWI-дің өзінен түсті. Соның арқасында құқық қорғау органдары жедел ден қойып, терроризмді қаржыландыру схемасын жойды", - деп мәлімдеді агенттік.
Мұндай электронды әмияндар басқа да қылмыстық схемаларда қолданылады. Өйткені құпиялылық бар.
Экономика
Ақша айырбастау пунктерін терроризмді қаржыландыру үшін пайдалануы мүмкін – агенттік
Мәселен, қазақстандықтардың бірі әлеуметтік желілерде есірткіні жарнамалап, ақшаны төлем терминалдары арқылы алған. Сатушы төрт ай ішінде бірдей сомада 450 ақша аударымын алып үлгеріпті.
Агенттік Қазақстанда қаржы операциялары туралы деректер жинау жүйесінде тіркелмеген төлем ұйымдары бар екенін атап өтті.
Олар WEB-СФМ жүйесінде тіркеліп, шекті және күмәнді операциялар жайлы агенттікке дер кезінде хабар беруі қажет.