Назарбаевтар отбасының шетелдегі шоттары тексеріліп жатыр ма – агенттік басшысының жауабы

Қазіргі таңда мұндай тексеріске негіз жоқ, деп мәлімдеді агенттік басшысы
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов Назарбаевтар отбасына тиесілі офшорлық ақшаның заңдылығы тексеріліп жатыр ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, тексеріс жүргізу үшін құқықтық негіздеме қажет.
"Ол үшін қылмыстық іс қозғалып, ақшаның қылмыстылығы анықталуы керек. Егер басқа мемлекетте екені анықталса (…), тек осыдан кейін ғана – ол мемлекет салмақты дәлелдер ұсынғаннан кейін тексеруге болады. Қазір тексеріс жүргізіліп жатқан жоқ. Қылмыстық іс те өндірісте жоқ", - деді Ахметжанов мәжіліс кулуарында.
Айта кетері, шетелдік БАҚ Назарбаевтар отбасына тиесілі ақшаның заңсыз жиналғанын бірнеше мәрте хабарлаған еді. Атап айтқанда, Елбасының кіші қызы Әлия Назарбаева 300 миллион долларды Қазақстаннан заңсыз шығарғаны айтылды.
Қазір Қазақстан құқықтық көмек көрсету туралы 68 екіжақты келісімшартты ратификациялады.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева мәжіліс отырысына келмеді: себебі белгілі болды