НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Елорда полицейлері Қытай азаматына тиесілі атыс қаруын тәркіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, "Қару" жедел алдын алу іс-шарасы барысында вахталық қалашықтың 32 жастағы қызметкерінен тіркелмеген ойық қару пен 12 дана оқ-дәрі тәркіленген. Ер адамның айтуынша, қаруды оған 56 жастағы Қытай азаматы берген.
"Сонымен қатар шетелдіктің тұрғылықты жерін тексеру кезінде атылған гильзалар мен винтовканың 22 оғы табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген "ТОЗ-8м" маркалы аңшылық спорттық винтовка зауытта жасалған және атуға жарамды", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Оған сәйкес, 2 000 АЕК-ке (6 126 000 теңгеге) дейін айыппұл салу, я болмаса, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не сол мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.
Ал атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Айта кетері, "ТОЗ-8м" маркалы аңшылық спорттық винтовка 1932 жылы Тула қару-жарақ зауытында шығарыла бастады.