Қоғам

Мемлекет аренданың жартысын төлейді: баспана бағасы тағы өсіп кетпей ме

Аренда төлемін субсидиялау бағдарламасы биыл мамыр айында іске қосылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Мемлекет халықтың кейбір санатына жалдап тұратын баспананың ақысын төлеуге көмектеседі. Олардың арасында көпбалалы отбасылар бар. Жаңа бағдарлама көптің көңілінен шыққаны рас. Әйтсе де, арендалық тұрғын үй тағы қымбаттап кетпей ме деп алаңдап отырған қазақстандықтар да жоқ емес.
Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылармен әңгімелесіп, субсидиялау тетігі жалға берілетін тұрғын үй нарығына қалай әсер ететінін сұрады.

Тәртіп орнатады

Қазақстан риелторлары бірлескен қауымдастығының президенті Лариса Степаненконың пікірінше, бағдарлама Қазақстанның тұрғын үй нарығын сауықтырады.
"Өкінішке қарай, алаяқ жалға алушылар бар екені жасырын емес. Ал мына жағдайда "Отбасы банк" жалға беруші алдында гарант рөлін ойнайды. Мемлекет ақшаны шотқа өзі аударады. Сондықтан әр жалға беруші өз пәтерін осы бағдарламаға іліккен адамға бергісі келеді. Мен неге бұл бағдарлама нарықты сауықтырады деп отырмын? Өйткені ол арендалық баспана нарығында тәртіп орнатады. Келісімшарт бекіткен соң, жалға берушінің құжаты, патенті, жеке кәсіпкерлігі болуға тиіс. Тиісінше бұл ел қазынасына салықтың тұрақты түсіп тұруын қамтамасыз етеді. Дәл осы тұста дұрыс баланс, пәтер иелері мен мемлекет арасында өзара іс-қимыл орнайды", - деп санайды Степаненко.
Елорда тынысы
Баспана кезегіне тұруға өтініш енді тек egov.kz арқылы қабылданады
Жалға берушілер бір жағынан қорғалса, екінші жағынан мемлекет алдында таза көрінеді.

Баспана бағасы өзгере ме

Лариса Степаненко субсидиялау тетігі іске қосылған соң, арендалық тұрғын үй бағасы өспейді деп есептейді. Себебі мемлекеттен субсидияға өтініш беретін отбасыларға қойылатын талаптар мен шектеулер бар. Мұның бәрі бағаның өсуіне жол бермейді.
"Қазақстанда қандай да бір оқиға бола қалса, халық бағаның өсуін не төмендеуін күтеді. Ал аталған жағдайда, менің ойымша, баға көтерілмеуі керек. Себебі шектеулер бар. Жалға алатын үйдің аумағы отбасы мүшелерінің санына байланысты болады. Мысалы, егер отбасы үш адамнан құралса, пәтер аумағы 40 шаршы метрден аспайды. Яғни бұл сегментте бағаның өсуі екіталай. Сондықтан "Отбасы банк" аренданы субсидияласа, жалға берушілер тұрғын үй бағасын өсіріп жібереді деп ойлау – қате", - дейді сарапшы.
Экономист Айдар Әлібаев мемлекеттің қолдауы мен субсидиялау арендалық баспананың өсуіне ықпал ететінін айтты. Бірақ, оның ойынша да, үй бағасы, әсіресе үлкен сұранысқа ие жайлы пәтерлердің, шарықтамайды.
"Отбасы банк" элиталық, бизнес санаттағы үйлердің арендасын төлемейді ғой. Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға эконом санаттан, яғни арзан үйлер беріледі. Ал арзан үйлер қаланың ортасында болмайды. Әдетте қала шетіне салынады. Сондықтан, менің ойымша, тіпті 70 мың адамды субсидиялау бағдарламасымен қамтығанның өзінде, бұл сұранысқа ие арендалық баспана нарығына қатты әсер етпейді", - дейді ол.
Айтуынша, тіпті байлар қатарына жатпайтын студенттердің өзі университеттен алыс тұрғысы келмейді. Ақшасы жетпесе де, бірнеше адаммен бөліп төлегенді жөн көреді. Сол себепті жайлы үйлердің бағасы өседі деп алаңдауға негіз жоқ дейді Әлібаев.

Үй иелері пәтерлерін өткізе алмай жүр

Риелторлар қауымдастығының президенті халықтың баспана бағасына қатысты қорқынышын сейілтті. Айтуынша, пәтерлерді жалға алатындардың көбі – студенттер. Ал оқу жылы аяқталуға жақындап келеді. Мұның артынан жалдамалы пәтерлер босайды. Яғни, нарықта жалға берілетін үйлер тағы көбейеді.
Баспананы жалға алу ақысын субсидиялауға қалай өтініш беруге болады
"Қыркүйек, қазан, қараша айларында арендалық секторда жағдай өзгеше еді. Жалға берілетін пәтерлер бір-екі сағат ішінде, жарты күнге жетпей өтіп кететін. Ал қазір жалға берушілер апталап өткізе алмайды. Хабарландырулар екі-үш апта бойы тұрады. Себебі күздегідей сұраныс жоқ. Тек басқа өңірлерден жұмыс іздеп, нәпақа табу үшін келгендер ғана жалға алып жатыр. Дәл қазір арендалық тұрғын үй нарығындағы сұранысты солар сақтап тұр", - дейді Лариса Степаненко.
Ол студенттер пәтерлерін босатқан соң, нарықта ұсыныс көбейетінін атап өтті.
"Сондықтан аренда ақысының өсуіне алғышарт көріп отырған жоқпын", - деп түйіндеді сөзін маман.

Аренда төлемін субсидиялау

2022 жылы мамырда пәтер жалдау төлемін субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады. Бағдарлама халықтың тұрмысы төмен топтарына арналған. Оған мүгедектер, көпбалалы отбасылар, жетім балалар қатыспақ.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерде тұратын азаматтар бағдарламаға ілікпейді.
Субсидиялауға өтініш беру үшін отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. Яғни, отбасының бір мүшесінің табысы айына 36 018 теңгеден аспауы шарт.
Қоғам
Жалға алынған пәтердің жарты сомасын мемлекет төлейді: кімдер өтініш бере алады
Мемлекет аренда ақысының 50%-ін бюджет ақшасы есебінен өтейді, қалған жартысын отбасы өз қалтасынан төлейді. Алайда мемлекет төлейтін қаржының ішіне коммуналдық төлем кірмейді.
Айта кетері, президент Қасым-Жомарт Тоқаев аренда төлемін субсидиялау тетігін енгізуді осыдан бір жарым жыл бұрын тапсырған болатын.