Қоғам

Жалға алынған пәтердің жарты сомасын мемлекет төлейді: кімдер өтініш бере алады

© Sputnik / Абзал КалиевКілт, иллюстративті фото
Кілт, иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.02.2022
Жазылу
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұратын азаматтар бұл бағдарламаға қатыса алмайды
АЛМАТЫ, 9 ақпан – Sputnik. 2022 жылдың мамырында халықтың тұрмысы төмен топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады. Бағдарламаның операторы – "Отбасы банк".
"Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова пәтерді жалдау ақысының жартысын төлеуге кім өтініш бере алатынын, пәтердің шаршы метрі қалай есептелетінін түсіндірді.

Жалға алынған пәтер ақысы қалай төленеді

Бұл мемлекеттік қолдау пәтер жалдап тұратын отбасыларға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Оны отбасы мемлекетке қайтармайды. Алайда мемлекет төлейтін қаржының ішіне коммуналдық төлем кірмейді.
Жалға алынған тұрғын үй бағасының 50%-і бюджет қаражаты есебінен төленеді, 50%-ін төлем алушы өз есебінен төлейді.
Демек көмекке мұқтаж отбасы пәтерді 120 мың теңгеге жалға алса, онда 60 мың теңгені өз қаражаты есебінен төлейді және 60 мың теңге бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
Айта кетері, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұратын азаматтар бұл бағдарламаға қатыса алмайды.

Бағдарлама кімге арналған?

Өтініш берушілер – Бірыңғай республикалық электронды базада тұрғын үй кезегінде төмендегі төрт санат бойынша тұрған азаматтар:
1 және 2 топтағы мүгедектер;
мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, жиырма тоғыз жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көп балалы отбасылар.
Азаматтың тұрғын үйге мұқтаждар есебінде болуын және тиісті мәртебесінің болуын "Отбасы банк" АҚ мемлекеттік деректер базасы арқылы айқындайды.
Өтініш берушіге (үміткерге) қойылатын негізгі талап – отбасының төмен табысы. Отбасының (азаматтың) соңғы 6 (алты) айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. Яғни, отбасының бір мүшесінің табысы айына 36 018 теңгеден аспауы шарт.
Отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу кезінде соңғы 6 айда алынған табыс ескеріледі және табыстың үш тобы қамтылады:
еңбекақы түрінде алынатын табыстар, атап айтқанда: еңбекке ақы төлеу жүйесіне сәйкес жалақының барлық түрі, оның ішінде кесімді, мерзімдік, сондай-ақ сыйлықақы, қосымша ақы, үстемақы, сондай-ақ ынталандырушы ақша түріндегі және өтемақы төлемдері. Олардың мөлшері БЖЗҚ-на аударымдар негізінде айқындалады;
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті қоспағанда, зейнетақы төлемдері және әлеуметтік төлемдер түріндегі кірістер;
кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістер салық декларациялары негізінде айқындалады.

Бағдарлама қалай іске асады?

Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы электронды өтініш бергеннен кейін "Отбасы банк" мемлекеттік деректер базасын пайдаланып, үміткердің белгіленген шарттарға сәйкестігін аз уақыт аралығында тексереді. Артынша төлемді тағайындау немесе бас тарту туралы жауап береді. Құжаттарды қарау және тексеру уақыты 10 жұмыс күнінен аспайды.
Жалға алу келісімшарты арнайы үлгі бойынша "Отбасы Банк" АҚ платформасында жасалады және оған жалға алушы мен жалға беруші қол қояды. Жалға алу келісімшарты бұзылған немесе тоқтатылған кезде, жалға алушы "Отбасы Банк" АҚ-ға жүгініп, келісімшарт бойынша төлемдерді басқа жалға берушіге тағайындау туралы өтініш жазады.

Төлем қандай жағдайда берілмейді

Егер өтініш берушінің отбасы жоғарыда аталған төрт санаттың ешқайсына жатпаса немесе отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 36 018 теңгеден асып кетсе төлем берілмейді.
Мақұлданғаннан кейін өтініш берушінің мәртебесі төлемді "алушы" деп ауыстырылады. "Отбасы банк" АҚ төлемдерді тағайындап, оны жалға берушінің келісімшартта көрсетілген шотына аударады.
Мұндай жағдайда жалға алушы жалға алу ақысының жартысын арнайы шотқа аударуы қажет. Төлем ай сайын қолма қол аударымсыз жасалады.
Ескеретін жайт, үйді жақын туыстары, бұрынғы жұбайы, ерлі-зайыптының жақын туысынан жалға алуға болмайды. Жақын туыстарға ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер (қарындастар), аталар, әжелер, немерелер жатады.

Жалға берілетін үйдің ауданы қандай болуы керек?

Жалға берілетін тұрғын үйдің отбасыға қарай төлем жасауға рұқсат етілген жалпы ауданы:
саны 1-ден 3-ке дейінгі отбасы мүшелері үшін – 40 шаршы метрден артық емес;
саны 4-тен 5-ке дейінгі отбасы мүшелері үшін – 60 шаршы метрден артық емес;
саны 6 және одан көп отбасы мүшелері үшін – 80 шаршы метрден артық емес.
Үлкен аумақты жалға алу кезінде жалға берілетін тұрғын үйдің ауданына көрсетілген өлшемдердің 50% ғана төленеді.
Төлемдер осы тармақта көрсетілген жалға берілетін тұрғын үйдің ауданы мен отбасы мүшесін ескеріп жүргізіледі.
Өтініш беруші (үміткер) жеке тұрғын үй қорынан жалға алып отырған баспананың 1 шаршы метрін жалдау ақысы АЕК-тің (1АЕК – 3 063 теңге) жылдық деңгейінің облыстар мен қалаларға белгіленген коэффициентіне байланысты есептеледі. Тұрғын үйді жалға алудың 1 шаршы метрінің құны АЕК мөлшеріне байланысты жыл сайын қайта есептеледі және тиісті күнтізбелік жылдың қаңтарынан желтоқсанына дейін жарамды.
Жалдау ақысының мөлшері аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты.
Кестеде 2022 жылға жоспарланған жалдау ақысының максималды төлемдері көрсетілген.
Женщина открывает дверь - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.09.2021
Қоғам
Баспана жалдау құны арзандай ма – мамандар не дейді
Жаңалықтар
0