НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан — Sputnik. Binom мектеп желісінің оқушыларының демалысы қысқарады. Мұндай шешімді кәсіпкер, мектеп желісінің құрылтайшысы Айдын Рахымбаев хабарлады.
Оның айтуынша, Binom мектептерінің мұғалімдері білім беру жүйесін және алдыңғы қатарлы елдерден артта қалу себебін қайта қарастырып жатыр. Ол Қытай мен Кореяда оқушылардың оқуы 42 аптаға, Сингапурда 39 аптаға созылатынын түсіндірді. Ал Қазақстанда - 34 апта. Яғни, Кореяда оқушылар демалысы 70 күнге созылса, қазақстандық оқушылар 120 күн демалады.
"Осылайша біз жыл сайын оқудың 1-1,5 айын жоғалтамыз. Сонымен қатар, америкалық ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, балалар ұзақ жазғы демалыс салдарынан өткен барлық материалдың 25%-ін ұмытып қалады. Сондықтан біз оқу жылын кем дегенде 38 аптаға дейін ұзартуды ұсындық. Білім министрлігі бұл бастаманы қолдап, регламент келісіліп жатыр. Биыл Binom мектептерінде пилотты бастаймыз", - деп жазды Рахымбаев Facebook парақшасында.
Сондай-ақ, бизнесмен үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес балалардың материалды игеруін жеңілдету үшін пәндер санын азайту керек деп жазды.
Рахымбаев премьер-министр каникулды қысқарту бойынша Binom мектептерінде пилоттық жобаны жедел іске қосуды тапсырғанын хабарлады. Ол сәтті жүзеге асырылған жағдайда жоба елдің басқа мектептерінде де қолға алынады.
Білім және ғылым министрлігі Sputnik Қазақстан тілшісіне Binom мектептері желісінде ведомствоның мақұлдауымен каникулды қысқарту бойынша пилоттық жоба енгізіліп жатқанын растады.
Binom мектептері
Binom мектептер желісі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде салынған. Қазір елордада алты мектеп жұмыс істейді. Оқу орындары мемлекет меншігінде, бірақ жеке серіктес басқаруында болады.
Мектептер бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандарттары негізінде жұмыс істейді. 1-сыныптан 11-ге дейін қазақ және орыс тілдерінде оқытатылады.