Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда инновациялық мектептер ашылды

© Photo : ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсынан алынды BINOM және Quantum STEM School инновациялық мектептері ашылды
 BINOM және Quantum STEM School инновациялық мектептері ашылды - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.08.2021
Жазылу
2022 жылға дейін астанада осы форматта 6 мектеп ашылады. Әрбір оқу орны екі ауысымда 4 мың оқушыға есептелген

НҰР-СҰЛТАН, 31 тамыз – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин BINOM және Quantum STEM School инновациялық мектептерінің ашылу салтанатын қатысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

BINOM School – бұл озық әдістемелерді енгізетін жаңа бренд. Мектепте білім беру жұмысы Финляндия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея мен Қазақстан тәжірибесі негізінде ұйымдастырылады. Жаңа жобаны BI Group холдингі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолға алып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша жүзеге асырып көреді.

Мектептің ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Жаңа ғимаратта 127 кабинет, бұдан бөлек, физика, химия, биология, нано- және биотехнология бойынша 9 кеңейтілген зертхана, 100 орындық кинозал, мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудия, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, шығармашылық эксперименттерге арналған 3D-принтер, роботты техника кабинеттері, металл және ағаш ою шеберханалары, Speaking Club, TedxBinom, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік жазушылардың 5 мыңнан астам танымал еңбектері жинақталған кітапхана бар.

Ғимаратта ерекше білім алу қажетігі бар балаларға да ыңғайлы жағдай жасалып отыр. Арнайы лифтілер, пандустар, көтергіштер, биіктігі реттелетін үстелдер мен парталар, тактильді жолақтар және тағы басқа құрал-жабдықтар орнатылған. Ал мұғалімдерді іріктеу Jumys Smart Nation интернет-платформасында өтті. Екі кезеңнен тұратын конкурстың нәтижесінде 300 педагог жұмысқа қабылданды.

2022 жылға дейін астанада осы форматта 6 мектеп ашылады. Әрбір оқу орны екі ауысымда 4 мың оқушыға есептелген.

Ал Quantum STEM School жекеменшік мектептер желісінің алғашқы жобасы болып саналады. Мектеп математика, ғылым және инженерия пәндерін тереңдетіп оқытатын Сингапур мен АҚШ-тың үздік оқу әдістемелерінің тәжірибесіне негізделген. Оқушылар жалпы білім беру пәндерімен қатар интеграцияланған инженерлік бағдарлама (Integrated Engineering Program), спорттық бағдарламалау, авиамодельдеу және тағы басқа бағыттарды меңгереді. Алдағы уақытта республика бойынша Quantum STEM School-дың 20 мектебін салу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделі бойынша инновациялық оқу орындарын салуды арттыру қажет.

"Жекеменшік мектептер желісін дамыту қажет. Бизнеспен бірлесіп іске асырылған озық оқу орындарын құру жобалары орта білім берудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға үлгі болады", - дейді Мамин.

Айта кетері, "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2025 жылға дейін республика бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Биыл 200 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Соның ішінде 163 мемлекеттік мектеп, 6 мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде және 31 жекеменшік мектеп бар.

Жаңалықтар
0