НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында мас жүргізуші ауыл маңында жол жиегімен келе жатқан ерлі-зайыптыны қағып өлтірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Солтүстік Қазақстанда жол апатынан ерлі-зайыпты көз жұмды
© Photo : Пресс-служба департамента полиции Северо-Казахстанской области
Ресми мәліметке сәйкес, трагедия Есіл ауданында болған. Оқиға орнында Волошинка ауылының екі тұрғыны көз жұмды.
"3 ақпанға қараған түні Ford Focus көлігінің жүргізушісі ауылдың жанында екі адамды басып кеткен. Медициналық тексеріс кезінде оның мас болғаны анықталды. Ол қамауға алынды", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-1 бабы, 4-тармағы (Көлік құралдарын алкогольдік масаң күйде басқаратын адамдардың абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Оған сәйкес, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Волошинка ауылының 32 жастағы тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қайғылы оқиғаға себепкер болған көлік бірден екі адамның өмірін қиып, жыраға ұшып түсті
© Photo : Пресс-служба департамента полиции Северо-Казахстанской области
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында көлік мас күйінде жүргізген 50 адам ұсталды.