НҰР-СҰЛТАН, 21 желтоқсан – Sputnik. Алматыда бұрынғы полицей тергеліп жатыр. Ол қылмыс туралы біле тұра, құқық қорғау органдарына хабар бермеген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Kozachkov offside Telegram-арнасында аты-жөні көрсетілмеген адамның хабарламасы жарияланды. Онда зейнеткерлерді тонау қылмысына полицейдің қатысы бар екені туралы айтылған.
"Учаскелік инспектор бір күн бұрын саяжайды 17 миллион теңгеге сатқан зейнеткерлердің үйін тонауға болатынын екі басбұзарға айтқан. Қылмыскерлер ақшаны ала алмай, зейнеткерлерді тұншықтырып өлтірген. Оларды ұстады, барлығы кінәсін мойындады. Учаскелік инспектордың ақпарат бергенін айтты. Ол кінәсін мойындамай отыр", - делінген хабарламада.
Алматы қалалық полиция департаменті осы қылмыс бойынша 27 жастағы ер адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ зейнеткерлерді тұншықтырып өлтіргенін растаған жоқ.
"Бұдан бөлек, бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеген М. есімді азамат қылмыс туралы білген, бірақ уақытында ақпарат бермеген. Сол үшін жауапқа тартылып отыр. Қазіргі кезде ол Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді полицейлер.
Тәртіп сақшылары Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша тергеу мүддесіне сай басқа ақпарат жарияланбайтынын жеткізді.