НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Көші-қон қызметі қызметкерінің қырағылығының арқасында Ресейде апалы-сіңлілі қыздарды өлтірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Полиция қызметкері Гүлстан Батталова Ресей аумағында апалы-сіңлілі екі қызды өлтірді деген күдікке ілінген 54 жастағы қазақстандықты анықтады. Полиция подполковнигі ер адамды азаматтықты анықтау бойынша құжат қабылдау кезінде танып қалған",- деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Ер адам тергеу органдарынан 24 жыл бойы жасырынған.
Оқиға 1997 жылы наурызда Омбы қаласында болды. 30 жастағы (қылмыс жасаған кезде) ер адам жанжал кезінде шолақ мылтықтан 25 жастағы қыздың басына оқ атқан, кейін оның 22 жастағы сіңлісін бірнеше жерден пышақтап тастаған. Екеуі де оқиға орнында көз жұмды. Ауыр қылмыс жасағаннан кейін ол тергеу органдарынан жасырынып, оған мемлекетаралық іздеу жарияланды.
"Қазір іздеуге бастамашы болған – Омбы облысы бойынша Ресей ІІМБ-ге хабарландыру жолданды. Енді күдікті ауыр қылмысы үшін жауап береді", - делінген хабарламада.