Қоғам

Лауазымды тұлғалардың ақшасы тексеріледі – парламент заң қабылдады

Заң жобасында "жария лауазымды адамдар" ұғымы енгізіледі. Ол ұлттық және шетелдік мемлекеттік лауазымды адамдарға бөлінеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша – Sputnik. Қазақстанда жария лауазымды тұлғалардың ақшамен және өзге мүлікпен жасайтын операциялары тексеріледі. Парламент сенаты қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы қаралды. Құжатты парламент депутаттары әзірлеген.

Заң жобасының мақсаты – кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жақсарту, сондай-ақ Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарын іске асыру.

Сенатор, қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның айтуынша, заң жобасында "жария лауазымды адамдар" ұғымы енгізіледі. Ол ұлттық және шетелдік мемлекеттік лауазымды адамдарға бөлінеді.

"Ұлттық жария лауазымды тұлғалар институтын кезең-кезеңмен енгізу және еліміздегі лауазымды тұлғалардың ақшамен және өзге мүлікпен жасайтын операциялары бойынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілеу көзделіп отыр. Қаржы мониторингі агенттігі жария лауазымды тұлғалардың, олардың жұбайы мен жақын туыстарының тізімін жасайды. Ал президент тізімді бекітеді", - деді Перепечина.

Айтуынша, қаржы мониторингі субъектілерінен тиісті қызмет алу кезінде жоғары тәуекел деңгейі берілген жария лауазымды адамдарға, олардың жұбайы мен жақындарына тексерістің қосымша шаралары қолданылады.

Жария лауазымды адамдар өз өкілеттігін тоқтатқаннан кейін, 12 ай бойы олардың ақшамен және өзге мүлікпен жасайтын операциялары тексеріледі.

"Мұндай мониторинг сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қосымша құралына айналады", - деді депутат.

Сондай-ақ жобада цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, осы активтерді ақшаға, не болмаса басқа мүлікке айырбастау жөніндегі қызметтерді жүргізетін тұлғаларды қаржы мониторингі субъектілеріне жатқызу қарастырылған. Бұған қоса олар цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қызметті бастағаны немесе тоқтатқаны туралы хабарлама жіберуге міндеттеледі.

Қаржы мониторингі агенттігіне бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне қолжетімділік беру көзделген.

Сонымен қатар, ойын бизнесі бойынша шекті мәнді 3 миллион теңгеден 1 миллион теңгеге дейін, сондай-ақ жылжымайтын мүлікпен мәмілелер бойынша 200 миллион теңгеден 50 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылды. Бұл кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру саласындағы көлеңкелі ортада жасалатын қылмысты анықтауға мүмкіндік береді.

Парламент сенаты заңды бірауыздан қабылдады.

Оқи отырыңыз: