НҰР-СҰЛТАН, 22 қараша – Sputnik. Қазақстанда байлық салығын енгізу мәселесі қайта көтеріліп жатыр. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының пікірінше, бұл елде салық салудың әділетті жүйесін қалыптастыра алады. Сенатор яхта, ұшақ, қымбат көлік мініп, зәулім сарайда тұратын ауқаттыларға салынатын салықты арттыруды ұсынды. Осыған орай Sputnik Қазақстан отандық сарапшылардан бұл бастамаға қатысты пікірін сұрап білді.
Кімге қанша салық салынуы тиіс
GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халық байларға салық салу ұсынысын қолдайды. Дегенмен, дәулеттілерге салық салмас бұрын жалпыға бірдей табыс декларациясын енгізу қажет деп есептейді.
"Әрбір қазақстандық қанша табысы барын көрсетсе, сол кезде бәрі әділ болады. Өкінішке қарай, табыс декларациясын енгізу бізде үнемі кейінге шегерілуде. Менің ойымша, заңсыз жолмен байығандар өз мүлкін жария еткісі келмейді. Осындай лобби топтар парламентте де әрекет етіп жатқаны байқалады. Еш мүлкі жоқ, орта таптағы азаматтар табысын жария етуге қарсы емес деп ойлаймын. Байлықты заңсыз тапқандар қарсылық танытып жатқан жайы бар. Сондықтан мемлекет бұл мәселені соза бермей, өз назарына алуы қажет", - дейді сарапшы.
Айтуынша, жалпыға бірдей декларациядан кейін елде прогрессивті салық енгізілуі тиіс. Тек содан кейін барып байларға салық салуға болады.
Бұл ретте экономист айына 500 мың теңге табатын азаматтар орта тапқа жататынын атап өтті. Айтуынша, елімізде орта тап өкілдері өте аз. Кейбір деректер бойынша еңбекке жарамды халықтың 1%-ін ғана құрайды.
"Президент прогрессивті салықты енгізуге қатысты пікір білдірген кезде мынадай ой айтты: бірінші кезекте, кірісі 300 мың теңгеден аспайтын адамдарға табыс салығы аз салынуы керек. Қазір 100 мың теңге табатындар да, 1 миллион теңге табатындар да 10 процент төлейді. Президент мұны дұрыс емес деп отыр. Мен ол кісіні қолдаймын. Айына 300 мың теңге табатындар 6-7% төлесін, 100 мың теңгеден төмен алатындар, тіпті де, салықтан босатылсын. Осындай шаралар қабылданса, қарапайым жұмысшыларға аз-маз көмек болар еді", - деп санайды Мақсат Халық.
Сарапшы жылдық табысы 25 миллион теңгеден асатын дәулеттілер үшін табыс салығын 15%-ке дейін көтеру әділ шешім болар еді дейді.
"Байлық салығы бюджет тапшылығын жабар еді"
Мақсат Халықтың айтуынша, "байлық салығы" байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты аздап азайтады.
"Жалпы мемлекет Робин Гудтың қызметін атқаруы керек. Байларға заңды түрде салық салуы тиіс. Өйткені олар қайда байыды – осы Қазақстанда байыды. Иә, мойындау керек, алғырлығы мен біліктілігі болған шығар, әкеден қалған мұрасы бар шығар, әйтсе де, қалай болған күннің өзінде, жақсы, жайлы өмір сүріп жатқаннан кейін салықтан жалтармағаны дұрыс. Көпке топырақ шашпаймын. Салығын уақытылы төлеп жүргендер де бар. Алайда, бірнеше коттедж тұрғызып, салықтан қашатын адамдар да қаншама. Менің ойымша, әрбір азамат жиып-терген дәулетіне сай салық төлеуі керек", - деді экономист.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық олигархтар Лондондағы пәтерлерін сатып жатыр: байлар неден қашты?
Айтуынша, байларға салық салынса, ел қазынасына қыруар ақша түседі.
"Бюджетке қомақты қаражат түсетінін сеніммен айта аламын және бюджет тапшылығы белгілі бір дәрежеде жабылар еді. Соның арқасында мемлекетте қосымша қаражат та пайда болады. Ал оны халықты әлеуметтік жағынан қолдауға, яғни көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедектерге көмек көрсетуге жұмсауға болады", - дейді сарапшы.
"Біздің байлар Лондоннан үй сатып алуға құмар"
Экономист Асылхан Андашов та елде байлық салығынан бұрын мүлік пен табысты декларациялауды енгізген жөн деп санайды. Декларацияға бәрінің еті үйренген соң, байлық салығын енгізуге болады.
"Өз басым бұл бастаманы қолдаймын. Байлар – кез-келген қоғамның алға ілгерілетуші тобы. Батыс елдерінде ғылыми зерттеулердің барлығын дерлік байлар қаржыландырады. Ал Қазақстанда олай емес. Біздің адамдар байи қалса, Миланнан киініп, Лондоннан үй алып, яхта, жеке ұшақ мінуге құмар. Сондықтан, салықты көбірек төлеу арқылы болса да, қоғамға пайдасын тигізсін", - дейді ол.
Сарапшы байлыққа орта таптың қолы жетпейтін мүліктер мен қызметтер жатқызылуы тиіс деп есептейді. Мәселен, құны белгілі бір сомадан асатын үлкен үйлер, қымбат көліктер, сағаттар, зергерлік бұйымдар және тағы басқа.
"Байлық салығы" мен прогрессивті салықты қатар енгізу арқылы байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздікті жоюға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Өйткені, әлемде кедей мен бай арасындағы алшақтық ең төмен саналатын Скандинавия елдерінде прогрессивті салық та, байлық салығы да енгізілген. Сол себепті салықты қоғамның ауқатты тобынан көбірек, ал табысы аз адамдардан азырақ алу арқылы мемлекет қоғам теңдігін орнатуға жақын болады", - деді Андашов.
Тағы оқыңыз: Тоқаевтың тапсырмасы: сарапшылар жалақыдан қанша ұсталуы мүмкін екенін айтты
Ол жаңа салықтың ел экономикасына берер пайдасы жайлы сөз қозғағанда, прогрессивті салықты бірге қарастырған жөн деп санайды. Прогрессивті салық енгізілген жағдайда, табысы төмен азаматтар салықтан мүлдем босатылады немесе қазіргі 10%-тен аз салық төлейді.
Бірақ, экономистің пікірінше, белгілі бір сомаға дейін мүлдем салық салынбаса, жұмысшылар да, жұмыс берушілер де салықтан жалтару үшін "көлеңкелі жалақыға" көшуі мүмкін.
"Ресми статистика бойынша Қазақстанда орташа жалақы 212 мың теңгені құрайды. Ал шын мәніндегі көрсеткіш одан да төмен. Кейбір зерттеулер бойынша пандемияға дейін ең көп кездесетін жалақы 58 мың теңге еді, 3,5 миллион адамның жалақысы 112 мың теңгеден аз болатын. Яғни, бізде аз табыс табатындардың саны бірнеше миллион, ал табысы жоғары азаматтар өте аз. Сол себепті миллиондаған адамның салығын азайтып, жүздеген мың адамның салығын арттырғаннан бюджетке түсетін табыс көлемі ұлғаяды деп айта алмаймын. Керісінше, бюджет табысы азаюы да мүмкін", - дейді Андашов.
Бірақ, айтуынша, егер жалпыға бірдей декларация дұрыс жолға қойылып, ешкім өз табысын жасырмай, салықтан жалтармаса, бюджетке бірнеше миллиард теңге кіріс түсуі мүмкін.