НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір — Sputnik. Бірнеше қазақстандық олигарх Лондондағы жылжымайтын мүлкін сатып, Бельгия, Нидерланды және Люксембургке көшуді жоспарлап отыр. Sputnik Қазақстан анықтағандай, байлар Бенилюкс елдерінде бір мыңнан үш мың шаршы метрге дейін баспана алғысы келеді.
Тұманды Альбионның жүрегіндегі қымбат пәтерлерден бас тартуға Brexit – Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығу процесі себеп болды, дейді бельгиялық брокер Игнас Мювиссен. Оның айтуынша, олигархтар алда болуы мүмкін тергеулерден жасқанады.
"Қазақстанның алты бай азаматы Бенилюкс еліне көшкісі келеді. Адамдар Brexit кезінде болуы мүмкін тергеулерден қашып жатыр. Клиенттерім бір мыңнан үш мың шаршы метрге дейін баспана іздейді", - деп брокер Sputnik Қазақстан тілшісіне мәлімет берді.
Мювиссеннің сөзіне сүйенсек, сатқалы отырған жылжымайтын мүліктің бағасы шамамен 300 миллион еуро. Брокер сатып алушыларға Қазақстан, Ресей және Украина азаматтарына тиесілі 20 шақты пәтер ұсынған. Клиенттер сатқысы келетін пәтерлердің құны – 30 миллионнан 50 миллион еуроға дейін.
Бельгияның БАҚ мәліметі бойынша, Лондондағы миллионерлер Brexit болған жағдайда туындайтын салық және виза проблемаларына алаңдайды.
Өткен аптада Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй Еуроодақтан Brexit күнін 12 сәуірден 2019 жылдың 30 маусымына жылжытуды сұрады.
Бұдан бұрын Sputnik Қазақстан хабарлағандай, қазақстандық миллионер Париждің бай аудандарының бірінде қымбат пәтерін сататыны туралы хабарландыру жариялады. Баспана иесі жылжымайтын мүліктің бастапқы құнын екі есе арттырып, 125 миллион еуроға бағалапты. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне жүгінсек, пәтердің қожайыны үкіметте қызмет етпейді.