НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Ұлттық статистика бюросы халық санағынан онлайн өту қызметінің қайта қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Санақтан онлайн өту мүмкіндігі тоқтатылған соң еліміздің барлық өңірлерінен, әсіресе, қалалардан онлайн санақ функциясы мерзімін ұзарту туралы көптеген өтініш түсе бастады. Осыған байланысты sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама функциясын қайта қосу туралы шешім қабылданды", - делінген ресми хабарламада.
Sanaq.gov.kz сайтынан бөлек санақ сауалдарына E-Gov порталы немесе Aitu мобильді қосымшасы арқылы жауап беруге болады. Онлайн қызмет халық санағы аяқталғанға дейін қолжетімді болады.
Айта кетері, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов санақ кезінде үлкен мәселе туындағанын мәлімдеді. Көбісі үй-үйді аралайтын мамандарға есік ашпайды. Онлайн санақтан өтсе де, SMS-хабарламаны да көрсетуден бас тартады.
Бүгінде барлық аймақтарда инструкторлық учаскелер де бар. Сол жерге барып, санақтан өтуге болады.
Қазақстанда халық санағы 1 қыркүйекте басталған. 15 қазанға дейін осы шара тек онлайн режимде ғана өткізілді.
Одан кейін статистика мамандары үй-үйді аралап, онлайн санақтан өтпегендерді тіркеуге кірісті. Халық санағы осы айдың соңында аяқталады.
Оқи отырыңыз:
- Статистика бюросы санақтың "жаңа тәсіліне" қатысты түсініктеме берді
- Санақшылар кейбір үйлерге полициямен бірге барады
- Санақ кезінде есікті ашпағандарға қандай шара қолданылады