НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов санақ кезінде есік ашпаған адамдарға шара қолдану мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Заң бойынша халық санағынан өту – әрбір азаматтың міндеті. Ол жерде арнайы шаралар көзделген. Бірақ біз оны қолданбаймыз", - деді Айдапкелов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Бюро басшысының айтуынша, санақ жүргізетін мамандарды оқыту кезінде адамдармен қарым-қатынас орнату мәселесіне баса назар аударылды.
"Оларға адамның сеніміне ие болу үшін қалай сөйлесу керектігін де үйретті. Халыққа санақтың маңыздылығын барынша түсіндіру арқылы сауалнама парақшаларын толтырады", - деп атап өтті Айдапкелов.
Осы орайда бюро басшысы интервьюерлердің киіміне және арнайы куәлігіне баса назар аударуға кеңес берді. Олар көк шарф тағып, санақтың эмблемасы бар сөмке ұстайды. Қолында арнайы планшет, ал мойнында ресми куәлік болады. Бейжд-куәлікте сауалнама жүргізетін маманның аты-жөні және құжатты рәсімдеген органның мөрі бар. Адамдар оған да сенбесе, 1446 нөміріне хабарласып, интервьюердің аты-жөнін анықтай алады.
Айта кетері, Қазақстанда 1 қыркүйекте халық санағы онлайн форматта басталған болатын. Ал бүгін, 1 қазаннан бастап статистика мамандары үй-үйді аралап, онлайн санақтан өтпеген адамдардың сауалнама парақшаларын толтырады. Дегенмен 15 қазанға дейін онлайн санақтан өтуге болады. Ал интервьюер келгенде SMS-хабарламаны көрсете салу қажет.
Оқи отырыңыз:
- Павлодар облысында халық санағына қатысатындарға ақшалай сыйақы беріледі
- Халық санағындағы сұрақтар көптің наразылығын туғызды