НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында көлік жүргізушісі 16 қойды қағып кетті. Бір күн бұрын тағы бір жүргізуші 14 қойды басып кеткен болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, 12 қазанда Mitsubishi көлігін мінген 68 жастағы тұрғын жолдан өтіп бара жатқан қойларға соғылған. Жол оқиғасы Жезқазған-Петропавл тас жолының бойында Есіл ауданының Қаратал ауылына жақын жерде болған.
"Ол жерде "Малды айдау" белгісі болған. Оқиға орнында 16 бас қой мерт болды. Жолаушылар медициналық көмекке жүгінген жоқ", - дейді полицейлер.
Тура сондай жол оқиғасы бір күн бұрын 11 қазанда Нұр-Сұлтан – Петропавл тас жолында болған. ВАЗ-2115 жүргізушісі түнде Тайынша ауданының Кременчуг аулына жақындағанда жолға қойлар шығып кеткен. 36 жастағы ер адам рөлді бұрып үлгермей, 14 бас қойды басып кеткен.
Үй жануарларының иесі жауапқа тартылды. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабы, 2-тармағы (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы, материалдық залал келтiрген әрекет) бойынша әкімшілік хаттама рәсімделді.