Дерекқор

"Қазақ жігіттерінің бәрі өзіңдей болса": Әбіш Кекілбаев туралы қызықты деректер

Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Әбіш Кекілбаевтың өмірі

Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан Маңғыстау облысы Оңды ауылында дүниеге келген. Бала Әбіш үш жаста болғанда, әкесі соғысқа аттанып, сол күйі оралмаған. Кекілбайдың дүниеден өткенін отбасы бірнеше жылдан кейін ғана білген. Болашақ жазушы анасы Айсәуле Жұмабайқызының қолында өседі. Айсәуле Жұмабайқызы ел ішінде аты шыққан бидің отбасында туған.

Бала кезінен әдебиетке құмартса да, әдебиетші боламын деп армандамаған. Ең алғашқы арманы – геолог болу еді.

"Шетте жатқан Маңғыстауда тудым. Ол кезде Маңғыстаудың шаруашылығы да, экономикасы да артта қалған еді. Жолсыз, көп нәрсені көрмейтін, айда, жылда поштасы бір соғатын жерде туып өстім. Соған байланысты менің ең бірінші арманым – өзім өскен ортада, өзім өскен түбекте жаңару болса екен деп тіледім. Сөйтіп әуелі геолог болуға құмарттым. Өйткені ол кезде геологтар Маңғыстауда көп кезігетін. Мен де соларға еріп, біраз сергелдеңге түстім. Әдебиетті жақсы көрдім, оқыдым, ептеп өлең жазып жүрдім. Бірақ әдебиетші боламын деп армандаған жоқпын", - деген еді марқұм жазушы бір сұхбатында.

1957 жылы "Лениншіл Жастың" белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық комитетінің мақтау қағазын алады.

"Кітапты, бұрынғының кітаптарын көп оқитын. Бала болып алысып-жұлысу дегенді, бұрқырап беталды жүру, темекі тарту дегенді білмейтін. Балалардан гөрі үлкен кісілерге үйір еді. Олар да бетінен қақпайтын. Оныншы класты бітіргесін ауылдан да, ауданнан да қызмет ұсынды. Мен оған "былай бол" деп бір ауыз сөз, ақыл айтқан емеспін. Қызметке тұрып, ауылда қалайын деп жатқан жерінде жалғыз немере ағасы "Жас та болсаң, бассың оқы. Қызмет қайда қашады? Алматыға бар" деді. Алматыға да жалғыз кетті. Дәм айдап келген ғой, оқуын бітірген соң, осында қалды", - деген еді анасы Айсәуле Жұмабайқызы.

Әбіш Кекілбаевтың еңбек жолы

1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, "Қазақ әдебиеті" газетінде қызмет атқарады. Мұнда ол сыншылық қабілетімен көзге түседі.

1962-1965 жылдар аралығында "Лениншіл жас"газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Үш жылдай ҚазКСР Мәдениет министрлігінде жұмыс істеп, кейін екі жыл Кеңес армиясының қатарында болады.

"Қазақ жігіттерінің бәрі өзіңдей болса": Әбіш Кекілбаев туралы қызықты деректер

Содан соң әр жылдары "Қазақфильм" студиясында бас редактор, ҚазКСР мәдениет министрінің орынбасары, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы, Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды.

1992-1993 жылдары "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы болды.

1993-1995 жылдары және 1996-2002 жылдары Қазақстанның мемлекеттік хатшысы болып істеді. 2002 жылдан бастап парламент сенатының депутаты, Қазақстан жоғарғы кеңесіне екі рет, мәжіліске бір рет баламалы негізде депутат болып сайланды.

Әбіш Кекілбаевтың шығармалары

Әбіш Кекілбаевтың алғашқы өлеңдер жинағы "Алтын шуақ" деп аталады. Ол 1962 жылы жарық көрді. Ал "Бір шөкім бұлт" 1965 жылы баспадан шықты.

1982 жылы "Шыңырау" повестер жинағы қалың оқырманға жол тартты. Жазушының "Үркер" (1981), "Елең-алаң" (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.

"Аңыздың ақыры", "Елең-алаң", "Үркер", "Шыңырау" – қайталанбас туындылар. Классик қаламгер қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді.

2009 жылы "Сыр десте" деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің бес томдық жинағы жарыққа шықты.

Жазушының бірқатар шығармасы әлемнің бірнеше тіліне аударылды.  Г.Мопассанның "Пьер мен Жан", "Өмір" романдарын, Шыңғыс Айтматовтың "Ерте қайтқан тырналар" повесін қазақ тіліне аударды. Лев Толстойдың "Соғыс және бейбітшілік" роман-эпопеясын, Буниннің бірқатар шығармаларын тәржімалауға қатысты.

"Әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем"

Әбіш Кекілбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жазушылықпен қатар мемлекеттік қызметті қатар атқарды. Бір сұқбатында қаламгер саясатқа келгеніңізге өкінбейсіз бе деген сұраққа былай деп жауап берген еді:

"Мен өз басым әдебиеттен ешқайда кеткен жоқпын деп ойлаймын. Өйткені қолымнан әлі қаламым түскен жоқ. Ал саясатқа келетін болсақ, саясат маған ешқашан жат болып көрген жоқ. Менің бүкіл шығармаларымның негізгі тақырыбы біреу-ақ болатын – ол халықтың тағдыры".  

Классик өзінің қоғамдық қызмет пен саясатқа қалай келгені туралы: "...Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді. Қиял арқылы шешіп келген мәселелерге нақты өмірде тікелей атсалысуға мүмкіндік туып тұрса, одан қалайша бой тартамын?" деген еді.

Оқи отырыңыз: "Өзімнен жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім": Тахауи Ахтанов туралы не білеміз

Әбіш Кекілбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі ретінде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға зор үлес қосты. Жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленді.

Заңғар жазушыны Назарбаев "Алаштың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі" деп бағалаған.

Оған мәжіліс депутаты болған Қуаныш Сұлтановтың: Біз мемлекеттік қызметтегілерге біржақты ғана – мансап тұрғысынан қараймыз. Әбекең Елбасымен үзеңгілес бола жүріп мемлекет құрылысын жасады. Ол үлкен білімділікті, шығармашылықты қажет ететіні сөзсіз. Және бұл кез келген мемлекеттік қызметкердің қолынан келетін шаруа емес. Бұған қоса абыз ағамыз елдің алдында қызметте жүріп, қаламын да суытқан жоқ. Әбекең 70-ке келгенде кеудесіне "Алтын жұлдыз" тағып тұрып Нұрсұлтан Назарбаевтың "Шіркін, қазақтың жігіттерінің бәрі өзіңдей болса" дегенін барша ел біледі. Осы бір ауыз сөз ел-елді аралап, бірталай азаматқа үлгі болды" деді", деген сөзі дәлел.

Әбіш Кекілбаевпен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та парламентте әріптес ретінде етене араласып, ерекше сыйласқан.

Әбіш Кекілбаевтың отбасы

Жазушының жұбайының есімі – Клара Жұмабаева. Екеуі орта мектепте бірге оқыған. Бір күні жазда мектеп оқушыларының аудандық байқауы өтеді. Әбіш Кекілбаев та тамашалау үшін концертке барған. Сахнада ән айтып тұрған ақ көйлек киген қызға жазушының көзі түседі. Сол жылы күзде Әбіш әлгі қызды қайта көреді. Сөйтіп танысады. Оқу орнын бітірген соң екеуі үйленеді.

Клараның мамандығы – дәрігер. Ерлі-зайыпты төрт бала – Әулет пен Дәулет есімді екі ұл, Зәузат пен Сәулет есімді екі қыз тәрбиелеп өсірді.

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда Әбіш Кекілбаев атындағы үлкен рухани орталық салынады

2013 жылы Маңғыстауда үлкен ұлы Әулет жол апатынан қаза тапты.

Әбіш Кекілбаев 2015 жылы 11 желтоқсанда 76 жасында дүниеден өтті. Жазушы ұлттық пантеонға жерленді.

2019 жылы Маңғыстау өңірінде халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлына ескерткіш ашылды. Ақтау қаласында бой көтерген ескерткіштің авторы – мүсінші, суретші Көшер Байғазиев. Қоладан тұрғызылған ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр. Салмағы – 3,5 тонна.

Ал Нұр-Сұлтанда Әбіш Кекілбаевтың құрметіне көше ашылды.