Ручка и бумага - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.02.2022
Өмірбаяндар
Sputnik Қазақстан саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, спортшылар мен әншілердің өмірбаянын ұсынады. 

"Өзімнен жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім": Тахауи Ахтанов туралы не білеміз

© Photo : Public DomainАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.09.2021
Жазылу
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық жазушысы Тахауи Ахтановтың өмірі мен шығармашылығы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жазушы Тахауи Ахтанов 1923 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған.

Бір деректерде жазушы туып-өскен Қарабұтақ ауылындағы мектеп 10 кластық мектеп болмағаны айтылады. Әрі қарай білім алғысы келген ол алтыншы сыныпты бітірген соң табельдегі "6" санын "9" деп өзгертіп, сол құжатпен Алматы мұғалімдер институтына келіп түскен.

Әкесінің аты – Ақтан, анасы – Дәйілхан. Екеуінің Тахауи, Сапа деген екі ұлы болған.

Тахауи Ахтанов 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды.

Тахауи да алғашқы шығармашылық ізденісін өлеңнен бастаған. Қаһарлы соғыс жылдарында да, одан кейін де поэзияда бағын біраз сынады. Естеліктерінің бірінде бесінші класс оқып жүргенде алғаш өлең жазғанын айтады.

Тахауидың поэзиядағы ізденісі оқырманға 1949 жылы шыққан "Жастар даусы" деген Қазақстан жас ақындарының танымал өлеңдері мен поэмаларының жинағы арқылы таныс. Ол жерде "Майдан лирикасы" деген атпен 16 өлеңі жарияланған.

Соғыстан кейінгі әдебиет

1942 жылы соғысқа аттанып, төрт рет жараланғанымен, бағына орай елге оралғандардың бірі – Тахауи Ахтанов. Елге аман-есен оралған соң балалық, жастық шағы туралы былай дейді: "Біздің жастығымыз туралы не айтуға болады? Балалығымыз ашаршылықпен тұстас келді. Жастығымыз Отан соғысымен тұстас келді... Соның бәрінен аман қалып, әдебиетке кірген кезде бізде тағы бір майданға енгендей екпін, от бар болатын.

...Жастығымның майданда өткенін айттым. Ал майданның адамды тазалыққа, әділдікке, тәртіпке үйрететіні белгілі. Менің бір іштей шүкіршілік ететінім – осы қасиеттер менің өзімнің де, майдандас тұлғаластарымның да бой-басында қалып қойды ғой деймін".

Тағы оқыңыз: "Үкіметке өкпем жоқ": жазушы Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті

1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін шығармашылықпен айналысты. Соғыстан кейінгі жылдары әдебиетке келген ол үстінен сұр шинелі түспеген өзге әріптестері секілді аға буын қаламгерлердің шынайы қолдауына ие болды. Құлашын кең жайып, шығармашылыққа ден қойды. Соның нәтижесінде "Қаһарлы күндер", "Боран", "Шырағың сөнбесін" романдары ұлттық әдебиетімізге қосылды. Драматургия саласында қалам сермеді, әңгіме, хикаяттар жазды. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда: "...соғыстан бергі қазақ әдебиетін талантты сыншы, талантты аудармашы, талантты драматург, талантты прозашы Тахауи Ахтановсыз көзге елестету мүмкін емес".

"Қаһарлы күндер" романының жазылуы жайында автордың да айтқаны бар.

"Бұл романның жазылуы онша көп уақыт алмағанымен, толғағы ұзақ болды. Үш жыл бастан кешкен соғыс туралы роман жазуды көп ойладым. 1949 жылы бас жағын жазып, кірісіп те кеттім. Бірақ жұмысым өнбеді. Шамасы, келер жылы болар, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Курляндия" романы жарық көрді. Соны оқып шығып, ойға қалдым. Шығарма біраз кемшілігі болса да, маған қатты ұнады. Онда сол кездегі қазақ жазушыларының басым бөлігінде жоқ, кәдімгі тірі, жанды сурет, бусанып тұрған өмір бөлшектері бар екен. Ал менің бастап қойғандарымның тұрған дәрежесі одан әлдеқайда төмен болатын. Содан өзімнен-өзім жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім. Кейде болашақ шығарманы ойлап, толғанып жүрсем де, үш-төрт жылға дейін қайтып оралуға зауқым соқпады. Сын мен көркем аударма саласында жұмыс істей бердім",- деген еді Тахауи Ахтанов.

Ал қаламгер Ғабит Мүсірепов Тахауи Ахтанов жайлы былай дейді:

"Ұлы Отан соғысынан кейін әдебиетке келгендердің ішінде мен төрт жігітті, төрт прозаикті бөліп атар едім. Олар: Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденов. Бұлардың қай-қайсының да мүшел жастары партия мен үкімет тарапынан еленбей қалған емес. Ал, партия мен үкімет тарапынан олардың еңбегінің еленуі – халықтың бағалауынан туып отырады. (...) Майданнан қайтқан Тахауи Ахтанов "Қаһарлы күндер" атты романымен Ұлы Отан соғысы тақырыбын бастады. Дәл осы тақырып – меніңше, Аханов творчествосының негізгі тақырыбы ғой деп ойлаймын. Сол романымен-ақ совет әдебиетіндегі Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған шығармалардың ішінде кеуде тұстағы туынды болды. Сол шығармасымен ол соғыстан кейінгі дәуірде әдебиетке келген жастардың алды болса, бүгінде алпысқа келгендердің де алдыңғы сапында", - деді қаламгер Ахановтың алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында.

Ахтановтың шығармашылығы мен еңбек жолы

Жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанры – проза мен драматургия. Баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі – "Күй аңызы".

"Боран" романы Тахауи Ахтановтың шығармашылығында алатын орны ерекше. Қаламгер ретінде тәжірибесі толысқан шағында жазылған бұл туындысына автор үлкен ізденіспен келген. 1963 жылы "Дала сыры" повесі болып жарияланып, қайта өңдеу, толықтырудан соң "Боран" драмасына, содан кейін осы аттас романға айналды. Осы шығарма үшін жазушы 1966 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленді. Роман көптеген шетел тіліне аударылды.

Ал мемлекеттік сыйлықтың иегері Тахауи Ахтановтың "Шырағың сөнбесін" романы өткен ғасырдың 60-80 жылдары қазақтың ұлттық прозасын көркемдік биік деңгейге көтерген, шеберлік тағылымы мол туынды.

Тағы оқыңыз: "Мемлекеттік қызметте жүру қиын болды": жазушы Төлен Әбдік жайлы қызық деректер

1968 жылы жазылған "Сәуле" драмасы, одан кейінгі "Боран", "Ант", "Әке мен бала" драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. "Махаббат мұңы", "Күтпеген кездесу" драмалары, "Арыстанның сыбағасы", "Күшік күйеу" комедиялары қазақ, орыс және туысқан халықтар сахнасында қойылды.

Толстойдың "Азапты сапарда" трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.

Көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы, "Әдебиет және искусство" – "Жұлдыз" журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты қызметтер атқарды.

ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет белгісі" ордендерімен марапатталған. Қаламгерге Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілген.

Халқына өшпес мұра қалдырған Тахауи Ахтанов 71 жасқа қараған шағында 1994 жылы 25 қыркүйекте ұзаққа созылған сырқаттан қайтыс болды.

Жазушының қазасына қатысты ақын Өтеген Оралбаев:

  • Сынды тағы,
  • Тыңды тағы бір алып.
  • Қазақ сөзін бір асқарға шығарып.
  • Шырақ сөнді,
  • Ажал жеңді, амал не?
  • Оның сөзін оқыдым мен дұға қып, деп жазды.

Ал ақын Есенғали Раушанов:

  • Ой, Кеңсай, мен қайтейін биігіңді,
  • Басыңа қап-қара бұлт үйірілді.
  • Теңселтіп нән кемені барады алып,
  • Қара су есік алды иірімді.
  • Нән кеме гауһар-маржан толған іші,
  • Бағасыз жез бен мыста болмады ісі.
  • Тік жүріп, тік құлаған сені көрдім,
  • Қазақы қара сөздің жолбарысы, деп жоқтады.
Жаңалықтар
0