18:10 23 Қазан 2021
Тікелей эфир
  • USD426.32
  • EUR496.24
  • RUB6.04
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (125)
180 0 0

Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Төлен Әбдік жайлы Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі ерекше есімдердің бірі – Төлен Әбдік. Қазақ прозасында ерекше қолтаңбасы бар қаламгер 1942 жылы 4 қыркүйекте Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген.

"Әкем мен шешем кәдімгі, қарапайым адам болатын. Елге белгілі адам емес, бірақ әркімнің ата-анасы өзіне өте қымбат қой. Ол сені дүниеге әкелді, өлшеусіз жақсы көрді, сен үшін жанын қиюға бар. (...) Әке-шешем мені шексіз жақсы көретін. Өйткені мен жалғыз бала болдым", - дейді Төлен Әбдік ата-анасы жайлы.

"Әлекең өзіндік юморы бар керемет, сұлу адам болатын. Орта бойлы еді. Жарықтық қулық айтар кезінде көзі бір күлімдейтін еді, сол кезде таза сүйкімді болып кететін еді. Әкесінің тәрбиесінде өскеннен болар Төленнің әр шығармасында әдемі юмор бар", - дейді Төлен Әбдіктің досы, жазушы Қойшығара Салғара.

Қаламгердің қызмет жолы

Төлен Әбдік 1965 жылы қазіргі  Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Шығармалары 1964 жылдан бастап түрлі газет-журнал беттерінде жарияланды.

"Адам алдына үлкен мақсат қойғаннан кейін, мысалы ғылым әлемінде қалай болғанда да үлкен жаңалық ашуға тырысады. Оның қандай жаңалық болатыны – екінші әңгіме. Сенің ашқан жаңалығың халқыңа, еліңе, адамзатқа қалай әсер етеді деген шекараны сезу ғой", - дейді Төлек Әбдік.

Ал қаламгер қалам тартқан тақырып жайлы жазушы-досы Қойшығара Салғара: "Төлен не жазу керек екенін толық меңгерген адам. Бар айыбы оның жетістігі де шығар. Сирек жазады, бірақ әр шығармасы оқырманын ерекше күйге бөлейді, ойға шақырады, еріксіз ойландырады. Қаламынан шыққан шығарманың  әрқайсының өзінше жаңалығы бар", - дейді.

Жазушы 1965-1970 жылдары "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті.

1970-1977 жылдары "Жалын" альманахында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды. 1977-1979 жылдары "Қазақфильм" киностудиясында бас редактор, 1979-1990 жылдары Қазақстан орталық партиясында жауапты қызметте болған.

Біраз жыл "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағының екінші хатшысы болып істеді. 1993 жылы ҚР президенті әкімшілігіне жауапты қызметте болды.

1997 жылдан Қазақстан президенті аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары болған.

"Мемлекеттік қызметте жүру маған қиын болды. Бұл уақытта өсіп қалған адамбыз. Жазушылар одағында, баспаларда жұмыс істеп қалғанбыз. Содан кейін орталық комитетке келіп жұмыс істеу – ауыр шаруа. Галстугың қисаймай, барлық түймені салып жүру керек. Осының бәрі адамды қинайды, еркін жүргің келеді. Кішкене өмірімді жеңілдеткен нәрсе Әбіш Кекілбай, Марал Ысқақбай, Әшірбек Сығай төртеуміздің бір бөлімде істегеніміз. Өзгелерге ұқсамаймыз, әзіл айтып, күліп, мәз болып жүреміз", - дейді Әбдік.

Жазушы шығармалары

"Бүгінгі тарихқа да, баяғы тарихқа да сын көзімен қарауға қалыптасқанмын. Қазір хандарды көкке көтеріп, фильм түсіріп жатамыз ғой. Хандарды көкке көтерудің қажеті жоқ. Қазақтың халық ауыз әдебиетінде хандар жыры деген жоқ, батырлар жыры деген бар", - дейді жазушы.

Төлен Әбдіктің алғашқы шығармасы университет қабырғасында көңіліне ұнаған бойжеткенге байланысты жазылған. Замандастарының айтуынша, сол күнде жас та болса сол әңгімесі өз ортасында біраз талқыланып, жақсы бағаланған. Одан кейінгі жылдары "Көкжиек" (1969 жыл), "Күзгі жапырақ" (1971 жыл), "Ақиқат" (1974 жыл), "Айтылмаған ақиқат" (1979 жыл) әңгіме, повестер жинақтарын, "Өліара" (1985 жыл), "Ақшоқыда қыс қатты" (1987 жыл), "Парасат майданы" (2002 жыл) романдары жарық көрді.

"Өліара" романын жазған кезде қиналдық. Жоспар деген болады, соған үлгеруің керек. Жоспарда тұрған соңғы жүз беттей бітпеген. Содан бір шипажайға жолдама алып, барып бір күн ұйықтадым. Кешкі сағат сегізден таңғы сағат сегізге дейін отырдым. Менің бір жаман жерім түнде жазамын", - дейді қаламгер.

Айтуынша, күніне 12 беттен жазған.

Сонымен қатар қаламгердің әңгіме, повестері орыс тілінде "Истина" (1980 жыл, 1981 жыл) деген атпен шықты. Грек аңыздары – "Эллада ерлерін" (1977 жылы) қазақ тіліне аударған.

"Біз үшеу едік" драмасы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда сахналанған.

"Маған әкемнің барлық шығармасы ұнайды. Ішінде ерекше ұнайтыны - "Әке" және "Өліара". Себебі "Әке" өзіміздің өмірбаянымызға байланысты жазылған. Өте жақсы көретін Әбдік атам шығарма прототипі", - дейді қаламгердің қызы Қарлығаш Әбдікова.

Төлен Әбдіктің үлкенді-кішілі отызға жуық еңбегі бар. Себебі автор әр кейіпкерінің мінезін зерттеп, өлшеп жазады. Ал оның образдары қиялдан емес, сіз бен біздің жанымыздағы адамдар.

Қаламгердің жары Күлән Ашуова Төлен Әбдіктің адалдығын жоғары бағалайды. "Жас күнінде өмірі кекірейіп, жан-жағына қарамай жүретін. Кеудесін жоғары ұстайтын. Өзі бір адам менсінбейтін деп ойлайтынмын. Сөйтсем кәдімгі қарапайым, өркөкіректік жоқ екен, Құдай берген таланты, талабы бар. (...) Төленнің жаратылысы адал жігіт. Мен оған үлкен әдеби сын айта алмаймын, бірақ "мына жері келіспей тұр" деген ой айтамын. Соны оқып шығады да, "шынында бірдеңе бар екен" деп, жөндейді", - дейді жазушының жары.

"Адамды жануарлар әлемінен бөліп ұстайтын – адамгершілік. Сондықтан адамгершілік қасиет тәрбиемен келеді, ата-анаңның бойынан да келуі мүмкін. Содан кейін білім деген болады, білімнің ішінде әдебиет пен өнер", - дейді қаламгердің өзі.

Марапаттары

Қаламгер 2002 жылы президент жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағымен марапатталды.

2003 жылы Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлығы мен алтын медалу берілді.

2004 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

2013 жылы "Парасат" ордені берілді.

Тақырып:
Өмірбаяндар (125)

Тақырып бойынша

"ХХ ғасыр Гомері" деген бағаға ие болған Жамбыл Жабаев жайлы қызықты деректер
"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі
Адам жанының суреткері Қадыр Мырза Әли туралы не білеміз
"Әйеліме тамақ тауып берудің өзі оңай болмады": ақын Қасым Аманжолов жайлы не білеміз
"Туып-өскен үйім – домбыра, ән, күй, жыр": Ахмет Жұбанов жайлы не білеміз
Кілт сөздер:
жазушы
Загрузка...

Басты тақырып