Экономика

Елорда қашан толықтай газбен қамтылады

Көлгінов газ тарифі мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, әкімдік тұрғындардың шағымын назарға алды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов "Хабар" арнасына берген сұхбатында 2023 жылға қарай елорда толықтай газбен қамтылатынын айтты.

Әкімнің сөзінше, қазіргі күні "Көктал-1", "Көктал-2", "Оңтүстік шығыс", "Промышленный" және "Агроқалашық" шағын аудандарына газ құбырының 645 шақырымы тартылған.

"Қазір ол жерлерге инженерлік желілер жүргізіліп жатыр. Сарыарқа ауданының 100 үйі газға қосылып үлгерді. Тұрғындар өте қуанышты. Әрине, газ бен көмірдің айырмашылығы үлкен ғой. Жоспар бойынша 2023 жылға дейін елорда толықтай газдандырылады", - деді әкім.

Көлгінов газ тарифі мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, әкімдік тұрғындардың шағымын назарға алды.

"Бастапқыда тариф 45 теңге болды. Кейін 60 теңге болып бекітілді, артынша қайтадан 45 теңгеге түсті. Қазір тариф 37 теңге. Бұл тиімді баға", - деді ол.

Көлгіновтың айтуынша, қазір қалада газбен жұмыс істейтін ТЭЦ-3 құрылысы жүргізіліп жатыр. Қуаты 420 Гкал ТЭЦ қолданыстағы екі жылу орталығына түсіп отырған салмақты біраз жеңілдетеді.

"Алайда қаланың өсу қарқынына қарасақ, бұл да жеткіліксіз болады. Сондықтан қуаты 600 Гкалдық газ қазандықтарын салатын боламыз. Олар Жағалау және жаңа вокзал ауданында салынады", - деді ол.

Оқи отырыңыз: