АЛМАТЫ, 21 қыркүйек – Sputnik. Алматыда Алатау ауданында бес адамға оқ атқан ер адамның әйелі Анаида Демирчян қайғылы жағдайдың қалай болғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әйелдің айтуынша, жылжымайтын мүлікке қатысты мәселе 2014 жылы басталған.
Алайда әйел баспана тәркіленгенге дейін барлық инстанциядан көмек сұрағанын жеткізді. Сондай-ақ банк тарапынан заңсыз әрекеттер болғанын айтты.
"Қазақстанда, өкінішке қарай, заңның барлығы бірдей жұмыс істемейтінін мәлімдегім келеді. Мемлекет кәмелетке толмаған балаларды қорғамайды. Мен үш баланың анасымын, оның екеуі кәмелет жасқа толмаған. "Банк ЦентрКредит" бізді сан соқтырды. Банк біздің жылжымайтын мүлкімізді бес есе арзан бағаға сатып, ол туралы бізге хабар берген жоқ. Ол сыбайлас жемқорлық шараларын қолданып, бізді тақырға отырғызды. Біз бірнеше рет "Буран" мен кезекші прокурорды шақырдық. Кезекші прокурор сол күйі екі сағат ішінде келген жоқ", - дейді әйел.
Ол өзінің Жоғары сотқа, ел президентіне хат жазғанын, алайда мәселе жергілікті деңгейде заңсыз түрде шешілгенін айтты.
"Біз кәмелетке толмаған балаларымыз бар екенін айтып, өтініш білдірдік, бізде қарызды толығымен бес есе жаба алатын салон бар. Бірақ банк олай істемеді. Ол аздай, бізді мазақ етті. Себебі маған қарыз алушы ретінде емес, кепілзат беруші ретінде 20 миллион теңге іліп қойды. Ол бізді физикалық тұрғыдан құртатын әрекет", - деп мәлімдеді ол.
Оның айтуынша, енді оның да, балаларының да болашағы бұлыңғыр.
"Ертең маған не болатынын мен білмеймін. Енді жоғалтарым жоқ. Менің күйеуімді ашындырды. Сот орындаушылардың қалай жұмыс істегені түсірілген видео бар. (...) Мен зардап шеккен отбасыларға көңіл айтамын. Иә, менің күйеуім қателік жіберді, бірақ сот орындаушысы оны соған итермеледі, оған дәлел бар", - дейді ол.
"Оқиғаның қалай болғанын көрген жоқпын"
Әйелдің айтуынша, қайғылы жағдай болған кезде ол үй ішінде балалары мен анасының жанында болған, жедел жәрдем шақырған.
"Оқиғаның қалай болғанын көрген жоқпын, тек мылтықтың дауысын естідім. Егер сол уақытта прокурор келсе, бәрін дұрыстап, заңды түрде түсіндірсе ғой. Осының бәрін тоқтата алар еді. Адамдар зардап шекті, менің бүкіл отбасым зардап шекті. Енді не болатынын білмеймін", - дейді әйел.
Ол отбасының заңға бағынатынын, бұған дейін президентке хат жазғанын жеткізді.
"Біздің заңға бағынатын азаматтар екенімізді, президентке миллион рет жүгінгенімізді бүкіл әлем білсін. Қазір де президентке қарата айтарым, Қасым-Жомарт Кемелұлы, менің балаларымды қорғаңыз. Балаларым кәмелет жасқа толмаған. Менің кіші баламның жүрегі ауырады, ол кеше ауырып жатты, ал сот орындаушысы оған мән бермеді. Ол қамқоршысын да, жедел жәдем де шақырған жоқ", - дейді әйел.
Оның сөзінше, прокурорлар тарапынан жеке сот орындаушыларының заңсыз әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Оқи отырыңыз:
- Атыс кезінде қайтыс болған алматылық полицейдің бес баласы қалды
- Алматы полициясы қаза тапқан учаскелік инспекторлар туралы айтты
- "Баспана беріледі": министр Алматыда қаза болған полицейлер отбасына көңіл айтты