Оқиға

Алматы облысында парашютпен секірген әскери қызметші қаза болды

Туыстарының өтініші бойынша өзге ақпарат жария етілмейді, деп хабарлады қорғаныс министрлігі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында парашютпен жоспарлы секіру оқу-жаттығуы кезінде қарулы күштердің әскери қызметшісі қаза болды, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. 

"14 қыркүйекте Алматы облысында парашютпен жоспарлы секіру оқу-жаттығуы кезінде қарулы күштердің әскери қызметшісі, 1990 жылы дүниеге келген офицер қаза тапты. Әскери шені - капитан. Туыстарының өтініші бойынша өзге ақпарат жария етілмейді", - делінген хабарламада.

Министрлік мәліметіне сүйенсек, бұған дейін ол шамамен 50 рет парашютпен секірген. Штаттан тыс парашютті-десант құтқарушылар тобының құрамына кірген.

Қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.

"Қорғаныс министрлігінің басшылығы және қарулы күштердің жеке құрамы қаза болған әскери қызметшінің жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтады", - деді ведомстводағылар.

Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің отбасына көмек көрсету бойынша қажетті шараларды қабылдайды.

Оқи отырыңыз: Әскери бөлімдегі төтенше жағдай: Назарбаев қорғаныс министрімен сөйлесті