НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында парашютпен жоспарлы секіру оқу-жаттығуы кезінде қарулы күштердің әскери қызметшісі қаза болды, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
"14 қыркүйекте Алматы облысында парашютпен жоспарлы секіру оқу-жаттығуы кезінде қарулы күштердің әскери қызметшісі, 1990 жылы дүниеге келген офицер қаза тапты. Әскери шені - капитан. Туыстарының өтініші бойынша өзге ақпарат жария етілмейді", - делінген хабарламада.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, бұған дейін ол шамамен 50 рет парашютпен секірген. Штаттан тыс парашютті-десант құтқарушылар тобының құрамына кірген.
Қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.
"Қорғаныс министрлігінің басшылығы және қарулы күштердің жеке құрамы қаза болған әскери қызметшінің жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтады", - деді ведомстводағылар.
Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің отбасына көмек көрсету бойынша қажетті шараларды қабылдайды.
Оқи отырыңыз: Әскери бөлімдегі төтенше жағдай: Назарбаев қорғаныс министрімен сөйлесті