НҰР-СҰЛТАН, 14 қыркүйек – Sputnik. Уақытша ұстау изоляторынан қашқандардың бірі Александр Мавриди Мәскеуде ұсталды, деп хабарлады РИА Новости.
Полиция оны Мәскеудің Митино ауданынан тапты. Ол қарсылық көрсетпек болды, алайда полиция оған төтеп беріп, Тергеу комитетінің аумақтық бөліміне жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 6 тамызда бес адам Истрадағы уақытша ұстау изоляторынан қашқан болатын. Оның төртеуіне ұрлық ісі бойынша айып тағылса, Мавриди кәсіпкер Владимир Маруговты арбалетпен атып өлтірді деген күдікке ілінді.
Тергеу нұсқасы бойынша, уақытша ұстау изоляторының басшысы міндетін атқарушы бірдей іс бойынша өтіп жатқан күдіктілерді бір камерада ұстау туралы бұйрық берген. Осылайша оларға қашу жоспарын құруға мүмкіндік жасаған. Сонымен қатар бұл камераға Мавриди де отырғызылған.
Қазіргі күні уақытша ұстау изоляторы қызметкеріне қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Истрадағы изолятордан қашып кеткен Александр Мавридиді тапқан адам үшін сыйақы тағайындаған болатын. Өйткені ол қашқан күдіктілердің ішінде ең қауіптісі еді.