НҰР-СҰЛТАН, 26 тамыз — Sputnik. Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Истрадағы изолятордан қашып кеткен Александр Мавриди үшін сыйақыны ұлғайтты.
Сыйақы 1,5 миллион рубльге (9 млн теңгеге жуық) дейін ұлғайтылды. Бастапқыда бұл сома көлемі 1 миллион рубль болатын, деп хабарлады МВД Медиа.
Александр Мавридиге адам өлтіру, бопсалау, адамды заңсыз түрде бостандығынан айыру және күзеттен қашу баптары бойынша айып тағылды.
Құқық қорғау органдарының алдын ала мәліметі бойынша, 2020 жылдың қарашасында ер адам Подмосковьеде "шұжық королі" Владимир Маруговты өлтірген. Ол осы қылмысты орындау үшін арбалет қолданған.
6 тамызда ол басқа күдіктілермен бірге Мәскеу облысының Истра қаласындағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кетті.
Екі күдікті 11 тамызда Подольсктегі жалдамалы пәтерден табылды. Олар өз кінәсін мойындады, деп жазды РИА Новости. Тағы бір қашқын келесі күні өзі берілді. Төртінші күдікті 18 тамызда қолға түсті. Мавриди осылардың арасындағы ең қауіпті қылмыскер болып отыр.
Тергеу мәліметі бойынша, мекеменің екі қызметкері қашқындарға көмектескен. Олар бейнебақылау жүйесін өшіріп, камера есігін ашық қалдырған және өздері ұйықтауға кеткен. Изолятор қызметкерлері де қамауға алынды.