Елорда тынысы

Қазақстанда елорда күні аталып өтіп жатыр

Пандемияға байланысты мерекелік шаралар онлайн форматқа ауыстырылды, бұл күні қазақстандықтар демалады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Қазақстандықтар бүгін мемлекеттік мереке – елорда күнін атап өтіп жатыр. Биыл ел астанасына 23 жыл толды. 

Астана қалай құрылды

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Осылайша елдің жаңа астанасына оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Таңдау Ақмола қаласына түсті.

Жоғарғы кеңес 1994 жылы 6 шілдеде елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Ал 1998 жылы 6 мамырда президенттің жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін елорданың туған күні ретінде мерекеленіп келді.

Тағы оқыңыз: Елбасы елорда халқын шектеуге қатысты пікір білдірді

Кейінірек заңға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.

Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана халқының саны 290 мыңдай ғана болған. Ал қазір елорда тұрғындарының саны 1 миллионнан асады. Қала төрт ауданнан – "Алматы", "Сарыарқа", "Есіл" және "Байқоңыр" ауданынан тұрады.

Бүгінде елорда халықаралық форумдар, конгрестер мен өзге де маңызды іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды.

Астана қашан Нұр-Сұлтан болып өзгертілді

2019 жылы 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін жариялады. Елдің екінші президенті сол кезде парламент сенатын басқарған Қасым-Жомарт Тоқаев болды.

20 наурызда Тоқаев ұлықтау рәсімінде Елбасының атын мәңгі сақтау үшін Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынды.

Бұл ұсынысты парламент пен қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. 23 наурызда мемлекет басшысы Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды.

Елорда күні қалай тойланады

Пандемияға дейін 6 шілде әр өңірде мерекелік шаралар, концерттер, халықтық серуендер ұйымдастырылатын. Түрлі спорттық сайыстар, фестивальдер өтіп, мереке соңы дәстүрлі отшашумен аяқталатын. Алайда былтырдан бері астана күні онлайн форматта аталып өтуде.

Биыл елорда күні астанада отшашу болмайды. Індеттің өршуіне байланысты Нұр-Сұлтанда карантин күшейтілді.

Жабық орындар мен концерт залдардағы іс-шараларға тыйым салынды.  Толымдылығы 20%-тен аспайтын театрлардың, сондай-ақ ПТР-тестері бар жылжымалы концерттердің жұмысына ғана рұқсат етіледі.

Тағы оқыңыз: Астана күні отшашу бола ма – Көлгінов жауап берді

Мысалы, 6 шілде күні "МузАрт" онлайн-концерті жоспарланған. Онлайн-трансляция бойынша барлық ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі @ns.madeniet парақшасында жарияланады.

Елорда күнін мерекелеу әлеуметтік жобаларға арналады және тек әлеуметтік сипатта болады. Нақтырақ айтқанда халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кезекте тұрғандарға баспана кілтін табыстау, құрылысы ұзаққа созылған 20-ға жуық үйді аяқтау, Өндіріс және Көктал аудандарындағы ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру іс-шарасы өтеді.

Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылады, 50-ден астам ауланың, 10-ға жуық қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталады.

Айта кетсек, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні елорда күнімен тұспа-тұс келеді.