НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов биыл Астана күні қалай өтетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Әрине, Астана күні қала тұрғындары үшін ерекше күн, адамдар тойлағысы келеді. Бірақ біз өз жоспарымызды қазіргі эпидемиологиялық жағдайға қарай өзгерттік", - деді Көлгінов онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде.
Оның айтуынша, жылдың басында бірқатар шараларды өткізу жоспары болған. Алайда санитарлық дәрігерлердің соңғы талаптарынан кейін жабық нысандардағы іс-шараларды онлайн форматқа ауыстыруға шешім қабылданды. Біраз шара өтпейтін болды.
"Ал даладағы шаралар әлеуметтік қашықтық пен санитарлық талаптарды ескере отырып, өткізілетін болады. Биыл біз Астана күнін әлеуметтік бағытта өткізгенді жөн көрдік. Мәселен, баспана кезегінде тұрған адамдарға 400 пәтер беріледі. Үлескерлер қатысатын 20-ға жуық көпқабатты үй пайдалануға тапсырылады. Бұдан бөлек, 50-ден астам абаттандырылған аула ашылады. Зағип балаларға арналған балабақшаны ашамыз", - деп атап көрсетті қала басшысы.
Сондай-ақ, қаланың шетінде жаңа дене шынықтыру кешендері ашылады деген жоспар бар.
Оқи отырыңыз: Биыл елорда күні қалай аталып өтеді
"Осылайша, біз нақты пайда әкелетін жобаларға басымдық беруді қалаймыз. Әрине, халықтың көңіл-күйін де көтеру керек. Бірақ осы жолы мәдени шаралар қысқартылып отыр", - деп атап көрсетті Көлгінов.
Осы орайда тілшілер Астана күніне арналған отшашу жайында сұрады. Осы сұраққа әкім: "Жоспарланып отырған жоқ", - деп қысқа ғана қайырды.