Өңірлер

"Бомба күтіңдер": Таразда зейнеткер аурухананы жарып жіберемін деп қорқытқан

Оқиға орнына полиция, төтенше жағдай департаменті қызметкерлері мен басқа да арнайы мамандар келіп, аурухана аумағын қоршауға алған
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 мамыр – Sputnik. Таразда қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігерімен сөйлесе алмаған зейнеткер ғимаратты жарып жіберетінін айтқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 мамырда сағат 10.43-те қалалық көпбейінді аурухананың қызметкері полицияға хабарласқан. Оның сөзінше, аурухананың бас дәрігерімен телефон арқылы байланыстыруды талап еткен әйел дәрігермен сөйлеспейтін болса, аурухананы бомбамен жарып жіберемін деп қорқытқан.

Бомба бар деген хабар түскен: Алматыда сауда орталығы қоршауға алынды
Оқиға орнына полиция, төтенше жағдай департаменті қызметкерлері мен басқа да арнайы мамандар келіп, аурухана аумағын қоршады. Аурухана ішінен барлық қызметкер мен науқас шығарылды.

Қызметтік иттер мен саперлердің қатысуымен оқиға орнын тексеру барысында аурухана ғимаратынан қандай да бір күдікті заттар мен құрылғы табылмады.

Жедел іздестіру шаралары барысында ауруханаға қоңырау шалған нөмірдің иесі анықталды. Ол облыстағы аудандардың бірінде тұратын 66 жастағы зейнеткер болып шықты. Зейнеткер емдеу шараларына наразы болып, "бомба күтіңдер" деп қорқытқан.

Осы дерек бойынша қылмыстық кодекстің 273-бабы ("терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.