АЛМАТЫ, 25 мамыр – Sputnik. Таразда қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігерімен сөйлесе алмаған зейнеткер ғимаратты жарып жіберетінін айтқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 мамырда сағат 10.43-те қалалық көпбейінді аурухананың қызметкері полицияға хабарласқан. Оның сөзінше, аурухананың бас дәрігерімен телефон арқылы байланыстыруды талап еткен әйел дәрігермен сөйлеспейтін болса, аурухананы бомбамен жарып жіберемін деп қорқытқан.
Қызметтік иттер мен саперлердің қатысуымен оқиға орнын тексеру барысында аурухана ғимаратынан қандай да бір күдікті заттар мен құрылғы табылмады.
Жедел іздестіру шаралары барысында ауруханаға қоңырау шалған нөмірдің иесі анықталды. Ол облыстағы аудандардың бірінде тұратын 66 жастағы зейнеткер болып шықты. Зейнеткер емдеу шараларына наразы болып, "бомба күтіңдер" деп қорқытқан.
Осы дерек бойынша қылмыстық кодекстің 273-бабы ("терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.