Әлем

Пентагон құрлықтағы әскер артиллериясын күшейтуді қолға алды

АҚШ Құрлықтағы әскердің ұйымдық-шаттық құрылымын толыққанды реформалауға кіріскелі отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр — Sputnik. Пентагон жаңа артиллериялық бөлімшелер құру жоспарын бөлісті. Олар әзірге әзірлеу сатысында тұрған перспективалы соққы жасау жүйелерімен қаруланады, деп жазды РИА Новости.  

Вашингтондағы стратегтер елдегі әсери артиллерияның қауқары қазір сырттан келген жауға төтеп беруге жеткіліксіз екенін ашық мойындап отыр. Сондықтан АҚШ бұл олқылықты түзету бойынша бірқатар жоспар құрды.

Құрлықтағы әскер үшін алысқа ататын заманауи қарудың жетіспеушілігі америкалық қолбасшылықты бұрыннан алаңдатып келеді. Соңғы онжылдықта Пентагон бұл бағытқа тиісті деңгейде көңіл бөлмей келді. Қарулануда бар гаубицалар мен жаппай оқ атудың реактивті жүйесі терроризм және қарулы қақтығыстармен күресуге жеткілікті болатын. Алайда АҚШ-тағы ұңғылы артиллерия, реактивті, жедел-тактикалық зымыран кешендері де қырғи-қабақ соғыс кезіндегі деңгейде қалып отыр. Алайда әлем елдері арасындағы қару-жарақ бойынша жасырын бәсекелестік бұл мәселені қайта қарастыруға мәжбүрледі.

АҚШ әскері өз танкісін жарамсыз деп таныды
Америкалықтар Ресеймен текетіресіп, онымен барлық сала бойынша бәсекелесіп келді және үнемі Ресейді тежеуге тырысты. Осы орайда Пентагонға консультация жүргізетін RAND зерттеу орталығы Ресейдің қару-жарағы туралы баяндама жасады.

"Қырғи-қабақ соғыс бола қалған жағдайда орыстар барынша артиллерияны қолданады. Американың құрлықтағы әскерінде бір ғана артиллериялық батальон бар. Ал ресейлік бөлімшелерде олар әлдеқайда көбірек. Үш мотоатққыштар және бір танкті батальоннан тұратын мотоатқыштар бригадасына көп жағдайда күшейту үшін өздігінен жүретін артиллерияның екі батальоны мен бір реактивті батальон қоса беріледі", - деп жазды орталық мамандары.

Енді Пентагон Құрлықтағы әскердің ұйымдық-шаттық құрылымын толыққанды реформалауға кіріскелі отыр. Негізінен броньді-танкті дивизияларда өздігінен жүретін M1299 ERCA гаубицаларының батальондары құрылады.

Бұл гаубицалар 2023 жылы қарулануға қабылданады деп жоспарланып отыр. Алайда америкалықтар сонау соғыс кезінен қалған өздігінен жүретін М109 артиллериядан бас тартуға асығар емес. Бұл техника броньді-танкті бригада қатарында қалып, 2030 жылға дейін қызмет ете береді.

Қазір америкалық дивизиялық артиллериялық қолбасшылықтың өз гаубицасы немесе ЖОРЖ жоқ. Қажет болғанда оларды армиялық корпустардан немесе бригадалардан жалға алады. Пентагон аналитиктерінің пікірінше, өзінің ұзақ қашықтыққа оқ ататын артиллериясы дивизиялық қолбасшылыққа әскери операцияларды кең көлемде жоспарлауға және жүргізуге мүмкіндік береді.

АҚШ президенті Тоқаевқа хат жазды
Армия корпустарының қолбасшылығы басқаруында HIMARS жаппай оқ атуға арналған реактивті жүйесі қалады. Бірақ оларға жаңа оқ-дәрі беріледі. Сонымен қатар корпустар біртіндеп 270 километрге әрекет ете алатын ATACMS жедел-тактикалық зымырандарынан бас тартады. Олардың орнын Precision Strike Missile (PrSM) соққы жасау жүйесі басады.

Мамырда Нью-Мексико штатындағы Уайт-Сэндс полигонында осы кешен сынақтан өтіп, ол 400 километр қашықтықта нысанаға дәл тиді де, өзінің өткен жылғы рекордын жаңартты.

Сонымен қатар америкалықтар штабтарды да өз артиллериясымен қамтамасыз етуді ойластырып жатыр. Мысалы, әскери әрекеттер театрының қолбасшылығына көпдоменді жедел топтар (Multi-Domain Task Force, MDTF) беріледі. Бұл – қарсылас туралы ақпаратты жинақтауға, барлауға және анықталған нысандарды дәлдігі жоғары қарумен көзін жоюға жауапты бөлімшелер.

Бұл топтардың құрамы мен қаруы жауынгерлік міндеттің сипатына қарай өзгеріп отырады. Алайда олардың әрқайсысына қашықтықтан оқ ататын зымыран кешені қос-қостан берілетіні белгілі. Біріншісі – Tomahawk, екіншісі - Long-Range Hypersonic Weapon зымыранымен жабдықталады.

Пентагон алдағы уақытта M109 бен M1299 гаубицаларын, ER GMLRS снарядтары бар HIMARS ЖОРЖ-ын қолдануды көздеп отыр. Бұл техникаға арналған оқ-дәрі әлдеқайда арзанға түсетіні белгілі.

Қалай болғанда да Пентагонның Құрлықтағы әскер артиллериясын күшейтуді қолға алғаны оның авиация мен әскери флоттан басқа бағыттарға да назар аудара бастағанын білдіреді.