НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр — Sputnik. Сәуірдің ортасында Джо Байден АҚШ әскерін Ауғанстан аумағынан толық шығару күнін 1 мамырдан 11 қыркүйекке ауыстыру туралы шешім қабылдаған соң елдегі қантөгіс күрт өршіп кетті, деп жазды РИА Новости.
8 мамырда Кабул маңындағы Дашт-э-Барчи ауданындағы жарылыс салдарынан алпысқа жуық адам көз жұмды. Олардың басым бөлігі 11-15 жас аралығындағы оқушы қыздар. Не болып жатыр? Бәзбіреулер елден әскердің кеткенін қаламай ма әлде керісінше ме?
Егер Ауғанстанда толыққанды азаматтық соғыс басталса, онда ол Орталық Азияға әсер етпей қоймайды. Себебі жоғарыда аталған үш республикадағы ұлттар да дәл осы Ауғанстанда тіршілік етіп жатыр. Ресей болса Ауғанстаннан АҚШ әскерін әкетуді өзіне қарсы ашылған соғыс деп бағалап отырғаны тағы бар. Орыстардың пайымдауынша Вашингтон осы әрекеті арқылы Мәскеу назарын шығысқа қарай бұрғысы келіп отыр.
Алайда осылай ойлауға негіз бар ма? Жалпы америкалықтардың Ауғанстанда қол жеткізген қандай да бір нәтижесі жайлы ауыз толтырып айтуға бола ма?
"Әл-Каиданың"* көзін жойды дейтіндей оның полктері мен дивизиясы болды ма әлде ол әлі де ислам әлемінің түрлі аймақтарындағы топтардың басын біріктіретін желілік құрылым қалпында қалып отыр ма? Иә, радикалды көзқарастағы топтар. Бірақ Ауғанстан ісіне америкалықтардың араласуы жихадшылар санының артуы мен олардың ашу-ызасының еселенуіне әкеліп соққан жоқ па?
Тәлібтерді жеңді ме? Бірақ америкалық сарбаздар ауған елінен кеткен соң дәл осы тәлібтер билікке келетін түрі бар.
Ауғанстанды Ресей мен Қытайға қысым көрсету үшін қолданар болса, ең алдымен Ауғанстанды өзіне түбегейлі бағындыру керек еді. Бірақ ондай жағдай бола қоймады. Ауғанстаннан кететін болса, өздерімен бірге АҚШ-қа жұмыс істеген ондаған мың ауғанды да қоса ала кетуіне тура келеді.
Байден егер "Әл-Каида"* немесе ИГИЛ* Америкаға немесе оның Ауғанстандағы мүдделеріне қауіп төндіретін болса, онда Вашингтон әуе соққысын жасайтынын мәлімдеді. Бірақ америкалықтар жылдам әрекет ету мүмкіндігін көздеп отыр. Себебі қыркүйекте, кей деректе шілдеде әскер кеткен соң Ауғанстанда америкалық та, басқа елдердің де әскері қалмайды. Америка елшілігіне шабуыл жасалса қайтпек? Пәкістаннан көмек жібере ме? Тым алыс. Оның үстіне бұл елмен қарым-қатынас та шиеленісіп тұр. Сондықтан "әскери база құру үшін қолайлы нұсқа Ауғанстанмен тікелей шекаралас Өзбекстан мен Тәжікстан болып отыр".
Бірақ америкалықтардың Орталық Азияға табан тіреуіне Ресей мен Қытай кедергі болады. 2001 жылдың қыркүйегіндегі жағдайдан кейін АҚШ Қырғызстан мен Өзбекстанда әскери база құрды. Бірақ орыстар мен қытайлар америкалықтардың Орталық Азияға сіңісуіне жол бермейтін секілді. Ауғанстанның қауіпсіздігіне Ресей мен Қытай құрған Шанхай ынтымақтастық ұйымы жауап береді. Бұл ұйымға қазір тек ортаазиялық республикалар емес, Үндістан мен Пәкістан да мүше болып отыр. Жақын уақытта Иран да тең құқылы мүше болмақ.
Яғни Ауғанстан ШЫҰ мүше елдердің қоршауында болады. Әйтсе де ауған елінің өзінде де бақылаушы мәртебесі бар. Кабулды ұйымға мүше етіп қабылдауға Ауғанстанның бөгде елдің басқаруында болуы тікелей кедергі болды. ШЫҰ мақсаты – Азияда, соның ішінде ең алдымен Орталық Азияда бейбітшілік пен тыныштықты сақтау. ШЫҰ-ның әзірше бітімгерлері жоқ. Бірақ ауған еліндегі бір басқыншыны екінші басқыншымен алмастырудың мәні де жоқ.
Әрине, бұл мәселеге ауғандардың бітімгершілігіне АҚШ та қатыса алады. Бірақ елден әскер кеткен соң ислам елінің оларға деген көзқарасы түбегейлі өзгеріп, ешқандай диалог орнамауы ықтимал. Қалай болғанда да америкалықтар Ауғанстан аумағынан шыққан соң мұндағы жағдайға деген жауапкершілік ШЫҰ-ға, соның ішінде Ресей, Қытай мен Пәкістанға жүктеледі. Ауғанстандағы күрделі мемлекетішілік проблемалар оған қол сілтеуге немесе бойды алшақ ұстауға себеп емес.
ШЫҰ кем дегенде ауған проблемасы ел аумағынан тыс шығып, көрші елдердің аумағына да ықпал етуіне жол бермеуі керек. Ал бар күш-жігерін жұмсаса, ауған тараптарын шынайы бітімге келіп, жаңа федеративті Ауғанстан құруға итермелеуі қажет. Сонда ғана жарты ғасырға жуық уақыттан бер соғыстан көз ашпаған жігерлі халық бейбіт заманда күн кешіп, болашаққа жоспар құра алады.
*Әл-Каида – Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористік ұйым