НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі агенттік жекешелендіру бағдарламасы аясында Ташкент облысында бірнеше нысандарды сатуға шығарды. Жарияланған лоттар қатарында бұрынғы Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнәр Кәрімоваға тиесілі "Сиджак" демалыс аймағы да бар.
Курорттық аймақтағы зәулім сарайлар теңіз деңгейінен 959 метр биіктікте орналасқан. Аумағы 5,4 гектар шамасындағы бұл жер халық арасында "Тянь-Шань маржаны" деп аталады.
Sputnik Өзбекстан агенттігінің хабарлауынша, кешен аумағында қонақ үй ғимараты мен бірнеше бассейн, амфитеатр, коттедж бен су мұнарасы және басқа да құрылыстар орналасқан.
Сондай-ақ, шарап субұрқағы мен әйнек күмбезді қысқы бақ та бар.
Аталған кешен Ташкент облысындағы тағы жеті объектімен бірге аукционға қойылды.
Мемлекеттік активтерді басқару агенттігі аукционға қатысуға өтінімдерді ағымдағы жылдың 30 сәуіріне дейін қабылдайды.
Айта кетейік, наурыз айының ортасында интернетте Гүлнәр Кәрімованың өлең түрінде жазылған хабарламасы пайда болды. Оның қызы Иман Кәрімова туыстарының жазған хаты тұтқынға берілмейтінін, адвокаттардың кіруіне тыйым салынғанын, тіпті онымен телефонмен сөйлесуге де тыйым салынғанын айтқан.
Өзбекстанның экс-президенті Ислам Кәрімовтің үлкен қызы жазасын Ташкент маңындағы №21 Зәңгіата әйелдер колониясында өтеп жатыр.
Оқи отырыңыз: Астында қара Mercedes: Қазақстандық депутаттар таңертең жұмысқа қалай келеді
Ол қаржы жымқыру, салық төлеуден жалтару, бопсалау және ақшаны астыртын жолмен жылыстатуға кінәлі деп танылған.
Өзбекстанның Жоғарғы соты Гүлнәр Кәрімованы ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, бопсалау және алаяқтық жасағаны үшін 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды.