12:18 26 Ақпан 2021
Тікелей эфир
  • USD414.77
  • EUR506.81
  • RUB5.64
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
712810

Мәжілісмендер жұмысқа әртүрлі уақытта жиналады. Бірі таңғы тоғыздан кіріп жатса, енді бірі асықпай, онға таман келеді

НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Пандемия басталғалы оқушылардың сабағынан бастап, биліктегілердің отырысына дейін онлайнға көшті. Осыны пайдаланып, депутаттар мен министрлер де микрофоны мен диктофонын ұстап, соңынан "қуалай" жөнелетін журналистерден демалып жүр. Өйткені карантинге байланысты БАҚ өкілдерін парламент пен үкіметке кіргізбейді.

Десе де Sputnik Қазақстан тілшілері мұның да амалын тапты: таңертең ерте мәжіліс алдында депутаттарды торуылдап, көкейде жүрген сұрақтарды қойып қайтты.

Бір байқағанымыз, мәжілісмендер жұмысқа әртүрлі уақытта жиналады. Бірі таңғы тоғыздан кіріп жатса, енді бірі асықпай, онға таман келеді.

Назарбаевтың үлкен қызы, сенаттың экс-спикері Дариға Назарбаева – мәжілістің жаңадан сайланған депутаты.

Депутат Дарига Назарбаева
© Sputnik / Владислав Воднев
Депутат Дариға Назарбаева Mercedes маркалы қызметтік көлігінен түсіп жатыр

Парламентке қайта оралған халық қалаулысы жұмысқа Mercedes маркалы қызметтік көлігімен келді. Қасында көмекшісі де бар. Ғимарат есігінің алдында өзін күтіп тұрған журналистермен аз-кем тілдескен ол коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға дайын екенін мәлімдеді. Мәжілісменнің таңдауы ресейлік "Спутник V" вакцинасына түскен.

Мәжілістің су жаңа депутаты Айдос Сарым журналистермен әңгімеге бұрынғыдай ашық. Біз одан жуырда президенттің қызметтік автокөліктерді қысқартуға қатысты берген тапсырмасына қалай қарайтынын сұрадық.

"Қазақстанда өз автопаркін сатып, такси компаниясын жалдаған мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бар. Мұндай жақсы тәжірибелер жоқ емес. Менің ойымша, дәл осы модель тиімдірек. Әрине, бұған ұзақ жол жүруге мәжбүр болатын әкімдіктер мен арнайы қызметтерді қосуға болмайды", - дейді ол.

Айдос Сарым
© Sputnik / Владислав Воднев
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым

Сарым депутаттарға арналған қызметтік пәтердің кілтін алған. Бірақ, әзірге көшіп үлгермепті.

Төменгі палата депутаты Жанат Омарбекова да жұмысқа қызметтік автокөлігімен келді.

Айтуынша, ол көлікті тек жұмыс үшін пайдаланады.

"Жұмысқа автокөлікпен барған өте ыңғайлы: шұғыл мәселе шығып қалса, қалай жетесің, мысалы. Мұндай практика бүкіл әлемде бар. Бірақ, әрине, кейбіреулері автокөлікті жеке мақсатта пайдаланады. Мен бұған қарсымын. Тек жұмыс үшін пайдалану керек", - деді халық қалаулысы.

Депутат Жанат Омарбекова
© Sputnik / Владислав Воднев
Депутат Жанат Омарбекова

Бұдан бөлек, ол "Нұрсая" тұрғын үй кешенінен берілетін қызметтік пәтерде тұрмайтынын жеткізді.

Қазақстан президенттігіне үміткер болған, депутат Дания Еспаева да қызметтік автокөлікпен жүреді. Депутаттар мен шенеуніктерге қызметтік авто қаншалықты қажет деген сұраққа, ол шешім қабылдамас бұрын бәрін есептеп алу керек екенін атап өтті.

Депутат Дания Еспаева
© Sputnik / Владислав Воднев
Депутат Дания Еспаева

"Ең бастысы, көліктерді жалға алу қазіргі бар автокөліктердің шығынынан асып кетпеуі тиіс. Кей кезде аренда деп шығынды көбейтіп аламыз. Сондықтан, ең алдымен, тиісті есептеулер жүргізген жөн. Ал жалпы президенттің тапсырмасы дұрыс. Ал мұның одан әрі қалай жүзеге асатыны үлкен сұрақ тудырады", - деп санайды мәжілісмен.  

Мәжілістің тағы бір депутаты Ирина Смирнова да қызметтік көліктердің санын қысқартып, шығынды азайтуға қарсы емес.

"Қызметтік автокөліктерден бас тартуға болады, әрине. Такси, жалға алу қызметтері бар. Бүкіл әлемде солай", - деп жауап берді халық қалаулысы.

Депутат от Народной партии Казахстана Ирина Смирнова
© Sputnik / Владислав Воднев
Депутат Ирина Смирнова

Әр сәрсенбі сағат 10.00-де басталатын мәжілістің жалпы отырысына депутаттардан бөлек, үкімет мүшелері де келеді. Министрлер депутаттарға өздері әзірлеген заң жобасын таныстырып, сұрақтарға жауап береді.

Осы жолы мәжіліске қонаққа үкіметтегі ең жас министр Әсет Ерғалиев келді. Жаңа министр карантин кезінде БАҚ өкілі халық пен билік арасындағы көпір екенін ұмытып кеткен сыңайлы. Қызметтік көлігінен түсіп, тілшілердің сұрағына жауап берместен, асығыс ішке кіріп кетті.

Служебный автомобиль министра Нацэкономики Асета Иргалиева
© Sputnik / Владислав Воднев
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің қызметтік көлігі

Айтпақшы, 34 жастағы шенеунік қара түсті Mercedes мініп жүр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың да журналистерге бөлер бір-екі минуты табылмады. "Сұрақтарыңызды қағазға жазып қалдырып кетсеңіздер" деп құтылды.

Бейбут Атамкулов
© Sputnik / Владислав Воднев
Мәжілістің жалпы отырысына индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов келді

P.S. Адам жақсыға тез үйренеді емес пе. Қазақстандық атқамінерлер журналистерсіз, оңаша жиналуға әбден үйреніп алған сықылды. Камера мен диктофонды көргенде, "тек мен емес" деп тұра қашқан депутаттар да болды, өкінішке қарай. Сол сәтте олардан "өзіңді сайлаған халыққа жақын болудың орнына, неге сонша қашасың" деп сұрағың келеді. Бір кем дүние...

Загрузка...

Басты тақырып