Өңірлер

Батыс Қазақстан облысында карантин жеңілдетілді

Қоғамдық тамақтану нысандары, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары және қоғамдық көлік жұмысына қатысты өзгертулер енгізілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан — Sputnik. Батыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің карантиндік шектеу шаралары туралы жаңа қаулысы жарияланды.

Құжатқа сәйкес, 8 ақпаннан бастап театр, мәдени нысандардың жұмысына (жеке, топтық дайындық кезінде бір мезгілде адам саны 30-дан аспауы керек,  залдар 20%-ке ғана толық болуы тиіс) рұқсат етіледі;

Өңір тұрғындары бетперде режимін, шахмат тәртібі бойынша отырғызуды және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, залды тек 20%-тен аспайтын толтыру тәртібін сақтайтын кинотеатрларға бара алады.

Шымкентте карантин ұзартылды
Қоғамдық тамақтану нысандарына залдың толтырылуын 50%-тен және 50 орыннан асырмайтын тәртіппен сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Сондай-ақ, дәмхана мен мейрамхана иелері үстелдер арасында 2 метрден кем емес арақашықтықтың сақталуын қамтамасыз етіп, бір үстелге отырушылар саны 4 адамнан аспауын қадағалауы керек. Ұжымдық, салтанатты отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге әлі тыйым салынған.

Фудкорттар тек жеткізу арқылы жұмыс жасайтын болады.

Ал сауналар, ЅРА-орталықтар, бассейндердің толтырылуы 50%-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ, бұл нысандар жексенбі күні жұмыс істемейді.

Азық-түлік сататын және азық-түлік емес тауарлар сататын ашық базарлар сағат 09.00-ден 17.00-ге дейінгі жұмыс кестесін сақтауы керек. Ал дәл осы сауда-саттық нысанындағы жабық базарлардың жексенбі күні сауда жасауына тыйым салынды.

Сауда үйлері мен орталықтарының толтырылуы 30%-тен аспауы тиіс, олар жексенбі күні демалады. Бұл күні осы нысандарда орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дәріханалар, сұлулық салондары, химиялық тазалау, гүлдер дүкендері, фотосалондар, кинотеатрлар, банктер (банкоматтар) жұмыс жасай береді.

Діни нысандарға бір келушіге кемінде 5 шаршы метр есебімен және нысанның толтырылуын 30%-тен асырмай жұмыс істеуге рұқсат етілді. Жұма намазы, діни дәстүрлер секілді бұқаралық ұжымдық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.

Сондай-ақ, жаңа қаулыға сәйкес, жексенбі күні қоғамдық көлік қатынасы қайта іске қосылатын болды.

Қаулының толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.