НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Шымкенттің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен қала аумағында карантин және шектеу шаралары 22 ақпанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Карантин 2021 жылдың 8 ақпаны сағат 00.00-ден 2021 жылдың 22 ақпаны 00.00-ге дейін ұзартылсын", - делінген құжатта.
Қаулыға сәйкес Шымкент тұрғындары мен қонақтарына:
- бұқаралық шаралар (еске салу, туған күн, мерейтой, құдалық, той және тағы басқа) өткізуге тыйым салынады;
- 65 жастан асқан адамдардың қалада жүріп-тұруы шектеледі;
- қалада жүргенде бетперде тағу қажет;
- кем дегенде екі метр ара қашықтық сақталуы тиіс;
- үш адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелерімен саябақ, аула, алаң, сквер мен жағалауда серуендеуге рұқсат етіледі;
- қоғамдық орындарда маска тағу және қолды антисептикпен өңдеу талаптарын қатаң сақтаған жөн.
Цирк, ойын-сауық мекемелері, букмекерлік кеңселер, ойын клубтары сол күйі жабық болады.
Тағы оқыңыз: Қостанай облысының бас санитар дәрігері карантинге қатысты жаңа қаулы шығарды
Қоғамдық көліктің қозғалысы 07.00-ден 21.00-ге дейін шектелген.
Қаулының толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
4 ақпандағы жағдай бойынша Шымкент коронавирустың таралуы бойынша "жасыл" аймақта тұр.