Өңірлер

Шығыс Қазақстанда тұрғындар үйден басқа жердің бәрінде маска тағуға міндеттелді

Қаулыда ел бар жерде жүргенде және үйден (пәтерден) кез келген жаққа шығу кезінде маска тағу керек деп жазылған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында 1 қарашадан бастап жаппай маска режимі енгізілді. Бұл туралы өңірдегі бас мемлекеттік санитар дәрігердің орынбасары қол қойған №23-1 қаулыда айтылған.

"(Жеке тұлғалар үшін) қоғамдық көліктерде маска режимін, сондай-ақ кем дегенде екі метр арақашықтықты (бір отбасы мүшелерін қоспағанда) және ел бар жерде жүргенде, үйден (пәтерден) кез келген жаққа шығу кезінде маска режимін сақтау керек", - делінген құжатта.

Қаулы 2020 жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енді және ресми түрде тоқтатылғанға дейін әрекет етеді.

Бұған дейін көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов 2 қарашадан бастап коронавирусқа қарсы ПТР тест тапсырмағандар Шығыс Қазақстан облысынан ұшақпен де, пойызбен де шыға алмайтынын айтқан болатын.

Коронавирус пандемиясы: қай өңірлерде карантин күшейтілді

Шығыс Қазақстан облысы коронавирусты жұқтыру көрсеткіші жағынан көш бастап тұр. Өткен тәулікте 252 адамнан COVID-19 анықталды.

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов шығыста науқастар санының күрт көбеюіне халық көші-қонының жоғары болуы және тұрғындар жауапкершілігінің төмендігі себеп болды деп санайды.