НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында 1 қарашадан бастап жаппай маска режимі енгізілді. Бұл туралы өңірдегі бас мемлекеттік санитар дәрігердің орынбасары қол қойған №23-1 қаулыда айтылған.
"(Жеке тұлғалар үшін) қоғамдық көліктерде маска режимін, сондай-ақ кем дегенде екі метр арақашықтықты (бір отбасы мүшелерін қоспағанда) және ел бар жерде жүргенде, үйден (пәтерден) кез келген жаққа шығу кезінде маска режимін сақтау керек", - делінген құжатта.
Қаулы 2020 жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енді және ресми түрде тоқтатылғанға дейін әрекет етеді.
Бұған дейін көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов 2 қарашадан бастап коронавирусқа қарсы ПТР тест тапсырмағандар Шығыс Қазақстан облысынан ұшақпен де, пойызбен де шыға алмайтынын айтқан болатын.
Коронавирус пандемиясы: қай өңірлерде карантин күшейтілді
Шығыс Қазақстан облысы коронавирусты жұқтыру көрсеткіші жағынан көш бастап тұр. Өткен тәулікте 252 адамнан COVID-19 анықталды.
Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов шығыста науқастар санының күрт көбеюіне халық көші-қонының жоғары болуы және тұрғындар жауапкершілігінің төмендігі себеп болды деп санайды.