Қоғам

Коронавирус пандемиясы: қай өңірлерде карантин күшейтілді

© Photo : акимат Карагандинской областиСанитарный пост в Карагандинской области
Санитарный пост в Карагандинской области - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Пандемия басталғалы 112 418 адам сырқаттанды, 1 852 адам қайтыс болды. 1 тамыздан бастап 37 962 адамға пневмония диагнозы қойылды, 402 адам көз жұмды

АЛМАТЫ, 1 қараша – Sputnik. Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артуына байланысты бірқатар өңірде карантин шарасы күшейтілді. Шетелден келетін қазақстандықтарға ПТР-тест анықтамасын көрсету міндеттелді. Соған орай Sputnik Қазақстан өңірлердегі карантин режиміне шолу жасады.

Комиссия шешімі

19 қазанда Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия бірқатар шешім қабылдады. Соған сәйкес, 26 қазаннан бастап шетелге ұшатын әуе рейстері қысқартылды. Шетелден Қазақстанға келгендердің барлығы міндетті түрде ПТР-тест тапсыруы қажет. Ал ол анықтама үш күнге жарамды болады.

Сондай-ақ, ПТР-тест құны 9 000 теңге болып бекітілді.

24 қазаннан бастап сенбі күндері сағат 17:00-ге дейін сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық базарлар жұмыс істей бастады.

26 қазаннан бастап кинотеатрлар арақашықтық пен маска тағу режимін сақтай отырып, залдағы орынның 30%-інен асырмай жұмыс істеуге кірісті.

Блок бекет қойылған өңірлер

Ең алдымен блок бекет Қарағанды облысының Центральный ауылында қойылды. Ауыл карантинге жабылды, бұл аймаққа кіріп-шығуға тыйым салынды. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, бұған ауылға коронавирус инфекциясын жұқтырған адамның келуі себеп болған.

Енді ауыл тұрғындары үйден тек жұмысқа, дүкен немесе дәріханаға ғана бара алады. Карантин инфекция жұқтырғандардың барлығы жазылғанша жалғасады.

4 қарашада ​​облысқа кіріп-шығуды бақылау үшін үш санитарлық бекет қойылады. 

Бекеттер эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 4 қараша күні сағат 00.00-де орнатылады:

  • Қызылорда - Павлодар автожолы (Молодежный елді мекенінің аумағы);
  • Павлодар - Баянауыл - Бұқар жырау - Қарағанды автожолы (Үміткер елді мекенінің аумағы);
  • Семей бағытындағы Қарағанды ​​- Аягөз - Бұғаз автожолының 271-ші шақырымы (Кентөбе елді мекенінің аумағы).

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандардың күрт өсуіне байланысты қарашадан бастап блок бекеттер қойылатын болды. Бұл шешім бір тәулікте аймақта 140 адамның ауру жұқтырғаны белгілі болғаннан кейін қабылданды.

Облыс басшылығы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің карантин шараларын сақтамауы, сондай-ақ, шектес мемлекеттерден жолаушылар және жүк ағыны себеп болып отырғанын айтты.

Алайда облыстағы кәсіпорындар, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді.

Сондай-ақ, аймақта шығарып салатындар мен қарсы алушыларға әуежай мен вокзалға кіруге тыйым салынады. Өңірде транзиттік пойыздар тоқтамайды.

Астана мен Алматыдағы ахуал

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордада соңғы күндері Covid-19 індетін жұқтырғандар саны өскенін, динамиканың құбылмалы екенін мәлімдеді.

Қала басшысының айтуынша, кей дәмхана, мейрамхана карантин талаптарын бұзып, инфекцияның таралуына себеп болып отыр. Соған байланысты қалада рейд шаралары күшейтілді.

Сонымен қатар Көлгінов қалада науқастарға арналған төсек орынның жеткілікті екенін айтты, алайда дәрігерлер тапшылығы бар.

Ал Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, мегаполисте науқастар санының көбеюінің бірнеше себебі бар: көпшілік шаралардың ұйымдастырылуы, тұрғындардың қоғамдық көлікте бетперде тақпауы, көп адам жұмыс істейтін ұйымдарда қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырмау.

Соған байланысты қаланың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы қабылданды. Енді қоғамдық тамақтану орындарында қорқорды пайдалануға, фуд корт пен банкет залдарының қызметіне тыйым салынды.

Сонымен қатар ойын-сауық мекемелері, караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтар, жабық жердегі балаларға арналған ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттар, букмекерлік кеңселер жұмыс істемейді.

Кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметіне де рұқсат берілмеді.

Алайда барлық талапты сақтай отырып діни нысандар, мәдениет нысандары, кітапхана, мұражай, кинотеатрлар жұмыс істей береді.

Қоғамдық тамақтану орындары демалыс және мереке күндері 7:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді.

Қай өңірде қол алысуға болмайды

Павлодар облысының санитар дәрігерлері тұрғындарға қол алысып амандаспауға кеңес берді. Сондай-ақ, тұрғындардың жеке гигиена, түшкіру мен жөтелу этикетін сақтауына басымдық беріп отыр.

Бұдан бөлек, респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері пайда болғанда бірден жедел жәрдем шақыру керек.

Облыста жексенбі күндері қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады. Сондай-ақ, 500 шаршы метрден асатын сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен жабық базарлар жұмыс істемейді.

Ал кітапхана мен музей сияқты мәдениет нысандары ашық болады. Бірақ іштегі адамдардың саны 30-дан аспауы тиіс. Театрларда 50 адамға дейінгі шектеу қойылған. Діни нысандар да ашылады. Алайда ұжымдық шараларды өткізуге рұқсат жоқ.

Карантин күшейтілген аймақтар

Алматы облысында демалыс күндері тамақтану орындары мен сауда және ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынды. Облыстың бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың қаулысына сәйкес, орын саны 30-дан көп қоғамдық тамақтану нысандары мен мейрамханалардың, банкет залдарының қызметі тоқтатылады.

Бір отбасы мүшелерінен басқа үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды. 65 жастан асқан азаматтардың көшеге шығуын шектеу керек.

Ал қоғамдық тамақтану нысандары орналасқан жеріне қарамастан 30 адамды қабылдап жұмыс істей алады.

Шымкентте карантин шаралары 2020 жылдың тоғызыншы қарашасына дейін ұзартылды.

Ал Ақмола облысының мемлекеттік бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина 23:00-ден 6:00-ге дейінгі аралықта облыс аумағындағы елді мекен тұрғындарының қозғалысын шектеу туралы қаулы шығарды.

Қарағанды ​​облысының мемлекеттік бас санитар дәрігері Юрий Залыгиннің жаңа қаулысымен қаладағы сауда үйлері мен сауда орталықтарына демалыс күндері сағат 17:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Сондай-ақ, адамдарға жалпы сыйымдылықтың 30%-інен артық мөлшерде шоғырлануға болмайды.

2 қарашадан бастап Қызылорда облысында коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жаңа шектеу шаралары күшіне енеді.

"Денсаулық сақтау ұйымдарында, жедел медициналық жәрдем машиналарында, жергілікті атқарушы органдар карантин үшін айқындаған үй-жайларда, сондай-ақ медицина қызметкерлері үйде медициналық көмек көрсету, ошақта эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізу, науқастардан және байланыста болған адамдардан сұрау және сауалнама алу кезінде аудио, фото және бейне түсірілім жүргізуге тыйым салынады", - делінген қаулыда.

Ойын-сауық мекемелері (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттар және басқалар), букмекерлік кеңселерге жұмыс істеуге рұқсат етілген жоқ. Кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметі шектелді. Фудкорттар мен банкет залдары да әзірге жабық болады.

Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, жексенбі және мереке күндері азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда, сауда ойын-сауық орталықтарының, аумағы 2000 және одан да көп шаршы метрден асатын сауда нысандарының жұмысы тоқтатылады. Азық-түлік емес және жабық азық-түлік базарлары да жабылады.

Санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, қала маңына қатынайтын жолаушылар пойыздарының қозғалысына рұқсат етіледі.

Тоқаевтың үндеуі

Жақында президент қазақстандықтарды карантин шараларын сақтауға шақырды.

"Көптеген шет елдердегі коронавирус індетінің таралу жағдайы алаңдатарлық. Барлық жерде қатаң шаралар, оның ішінде, локдаун тәртібі қайта қабылданып жатыр. Қазақстандықтарды денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдары мен карантин шараларын сақтауға шақырамын", - деді мемлекет басшысы.

Президент үкімет бизнес пен экономиканың мүдделерін негізге ала отырып жұмыс істейтінін атап өтті.

Пандемияның бірінші толқынымен күрес тәжірибесі ескерілді. Әкімдерге эпидемиологиялық жағдайға орай шешім қабылдауды тапсырамын. Бірақ бар мәселе азаматтардың өзіне тікелей байланысты, деді президент.

Айта кетейік, пандемия басталғалы 112 418 адам инфекция жұқтырды, 1 852 адам қайтыс болды.

Бірінші тамыздан бастап 37 962 адамға пневмония диагнозы қойылды, 402 адам көз жұмды.

Жаңалықтар
0