НҰР-СҰЛТАН, 17 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрлігіне қарасты ұлттық ұлан әскерінің тарихында алғаш рет ағайынды үшемдер Отан алдындағы борышын өткеріп жүр. Олар Орал қаласындағы әскери бөлімде қызмет етуде.
18 жастағы ағайынды Ақарыс, Бекарыс және Жанарыс Зеккеновтер көктемгі әскерге шақыру кезінде сарбаздар қатарына қосылған.
Олар қазақстандық заманауи "Болашақ" академиясы колледжін "Су көлігін пайдалану" мамандығы бойынша бітірген түлектер.
Жігіттер әскери қызметке шақырту алған кезде бір-бірінен бөлмеуді өтінген. Ал әскери комиссариаттағы қызметкерлер олардың мұндай өтінішіне бей-жай қарамапты. Қазір ағайынды Зеккеновтер бір бөлімде қызмет етеді.
"Әскерде қызмет ету біздің балалық арманымыз болды. Отанды қорғау – бұл әрбір азаматтың қасиетті борышы және парызы", – дейді үшемдер.
Бір қызығы, ақтаулық үшемдердің сыртқы түрлері ғана өзара ұқсас емес. Психологиялық тест тапсыру нәтижесіне қарап, Зеккеновтер мінезінің сәйкестігіне психологтар да таңғалады.
Ал бауырластардың өздері бұған бұрыннан үйренген. Мектепте бәрінің бағалары бірдей болған. Бір ғана айырмашылық – Ақарыстың бойы ағаларына қарағанда төрт сантиметрге ұзын.
Оқи отырыңыз: Ұйқастырып қоюға тырысады: қазақтар егіздерге қандай ерекше есім таңдайды?
Әскерде жүрген жігіттер дене шынықтыруда бірдей нәтижелер көрсетеді. Өйткені олар әскерге келгенге дейін спортпен белсенді айналысқан. Бекарыс пен Ақарыс "каратэ-до" секциясынан қатысса, Жанарыс – самбо күресінен спорт шеберіне үміткер.
Қазір ағайындылар Оралдағы қоғамдық тәртіпті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет етуде.
Әскерден кейін ағайынды Зеккеновтер туған жері Ақтауға барып, жоғары заңгерлік білім алуды және құқық қорғау органдарында жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Sputnik Қазақстан егіз Қасымхановтардың өмірі мен қызметі туралы жазған болатын: 23 жастағы Ербол мен Ерлан астаналық полиция бөлімінде учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс істейді.