16:16 29 Қазан 2020
Тікелей эфир
  • USD430.51
  • EUR505.72
  • RUB5.51
Видео

Әріптестері шатастырады: астаналық егіз полицей қалай жұмыс істеп жүр - видео

Қысқа сілтеме алу
845 0 0
© Sputnik . Абзал Қалиев, Арман Асқар

Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық полиция басқармасында егіздердің үш бірдей жұбы жұмыс істейді. Олардың ішінде астаналық Ербол мен Ерлан да бар. Екеуі де учаскелік полицей болып қызмет атқарады

Sputnik Қазақстан тілшісі егіз полицеймен танысып, екеуінің өмірі мен жұмысы туралы біліп қайтты.

Ербол мен Ерланның отбасында полицейлер болмаған. Екеуі осы жолды өздері таңдапты. Алдымен "Жас ұлан" мектебіне түсуді мақсат қойды. Оған бірден түсе алмаған. Дегенмен, егіздер алған бағытынан тайған жоқ, өз мақсатына жетті. "Жас ұланды" тәмамдады. Одан кейін ішкі істер министрлігінің Қостанайдағы академиясына түседі. Былтыр Сарыарқа аудандық полиция басқармасында іс-тәжірибеден өтіп жүргенде бірден жұмысқа қабылданған. Бала кезінде екеуін ылғи шатастырады екен, қазір де әріптестері бірден айыра алмайды.

"Біз "Лесозаводта" туып өстік. Сол жерге басқа ауданның балалары футбол ойнауға келетін. Біз болсақ, өзіміздің үйдің намысын қорғайтынбыз. Қарсылас команда бізді егіз екенімізді білмейді. Мен шабуылда, ал Ерлан қорғаныста жүреді. Олар маған қарап, сен артта жүрдің ғой, алға қалай кетіп қалдың деп таңғалатын", - дейді Ербол.

Ал Ерлан академияда болған қызықты оқиғаларды еске алды. Егіздер екі бөлек қабатта жүргенде басқалары бір адам деп ойлап, қалайша тез көтерілгеніне және киімді ауыстырып алғанына таңғалып жүрген. Артынан академия курсанттары оларды егіз екенін білген, бірақ бәрібір екеуін шатастыратын.

"Бала кезде күшті болатын. Мысалы, мектепте, сабақта, емтиханда киімдерімізді ауыстыра саламыз, сосын тапсыруға кіреміз. Ал қыздар ол кезде білсе, ренжиді ғой, бірақ білмеген ғой соны", - деп еске алды Ерлан.

Ербол Ерланнан 15 минутқа бұрын туған. Содан бала кезінен оны үйдің үлкені ретінде тәрбиелеген. Ербол осы міндетін де абыроймен атқарып келеді.

Ербол мен Ерлан үйлену тойын бір күнде өткізгенді қалайды. Тіпті, бір үй салып, бірге тұрамыз дейді.

"Иә, үйлену тойын бірге жасайтын ойымыз бар. Бір жағынан бұл – ақша үнемдеу. Өйткені біз бай отбасыдан емеспіз. Қарапайым отбасыдан шықтық. Енді, егіз қыздарды таба алмадық. Дегенмен, қызымыз бар. Мен інімді әлі таныстырған жоқпын. Алайда қызым фото-видеоны көріп, екеуің ұқсамайсыңдар дейді", - дейді Ербол.

Оқи отырыңыз: Ұйқастырып қоюға тырысады: қазақтар егіздерге қандай ерекше есім таңдайды?

Қазіргі кезде егіздер екі бөлек учаскеде жұмыс істейді. Дегенмен, бір-бірімен жиі хабарласып, тәжірибе алмасып тұрады. Полиция басшылығы егіздерді қазір шатастырмайды екен.

"Алыстан екеуінің дене пішімі, жүріс-тұрысы, киім киісі бірдей болғандықтан, ажырата алмаймын. Жақын келгенде ғана. Ербол менде істейді. Сондықтан мен оны жақын келгенде танимын. Өйткені оның мінезі ақкөңілдеу, пысықтау. Ал Ерланның мінезі тұйықтау. Екеуін солай ғана ажыратамын", -  дейді Сарыарқа аудандық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Қаныбек Бейсен.

Кілт сөздер:
егіздер, видео
Загрузка...

Басты тақырып