Әлем

БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында әлемдік державалардың басшылары не туралы айтты

Әлемдік көшбасшылардың қашықтық бейнеформаты арқылы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 75-ші сессиясына қатысуы олардың Нью-Йорк штаб-пәтеріндегі дәстүрлі баяндамаларымен салыстырғанда көбірек мағлұмат беріп, түрлі ойға жетеледі
Sputnik

Бұл ретте, әлемдегі 3 ықпалды адамның баяндамасы үлкен қызығушылық тудырды.

Дональд Трамптың сөйлеген сөзінен тағы бір сайлауалды әдіс-тәсіл екені аңғарылып тұрды. АҚШ-тың сыртқы саясатының "қытайға қарсы" басым бағыты мен оның БҰҰ-ға деген көзқарасы ашық көрінді, деп жазады РИА Новости. 

Дональд Трамп Тоқаевқа жеделхат жолдады
Трамп әдеттегідей Ақ үйде, мемлекеттік және АҚШ президенті туларының жанында тұрып сөз сөйледі. Яғни, БҰҰ-ға, тіпті халықаралық аудиторияға бағытталған бірде-бір ишараны аңғара алмайсыз.

Америка президенті бұған дейін АҚШ БҰҰ-ны ең көп қаржыландыратын ел, ендеше ол Вашингтонға бағынышты болып қана қоймай, оның бұйрықтарын бұлжытпай орындауға міндетті екенін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. АҚШ-тың оған дейінгі президенттері де дәл осылай ойлағаны даусыз, бірақ Трамп бұл ұстанымды ашық айтқан және "бағынбаған" жағдайда жазалаумен қорқытқан алғашқы президент  болды. Сондықтан, оның өз баяндамасын сайлау науқаны алдындағы мәселелерді шешудің бір тәсіліне айналдыруы –  заңдылық.

Ресейлік БАҚ Америка президентінің Ресейді бірде-бір рет ауызға алмағанын атап өтті. Бірақ Қытай он екі рет аталған (ал АҚШ он рет қана). Яғни, "Қытайға қарсы рух" Трамп баяндамасының өзегіне айналды. Оның коронавирустың таралуына қатысты Бейжіңді жазалауға әлем елдерін шақыруы мен "Қытай вирусы" атауын пайдалануының өзі неге тұрады.

АҚШ президенті баяндамасындағы "қарсыласу сипаты" БҰҰ-ның жазылмаған ережелері мен қалыптасқан дәстүріне қайшы келеді. Бірақ Бейжің мұндай демаршты күткен секілді, оны Қытай өкілінің Америка президентінің шабуылына жедел тойтарыс беруінен де аңғаруға болатындай.

Си Цзиньпин өз баяндамасын әдеттегідей салмақты үнмен бүгінгі күннің ең өткір мәселелеріне (бірінші кезекте, әрине COVID-19-ға қарсы жаһандық күреске) арнады. 

Назарбаев Қытай министрімен кездесті
ҚХР жетекшісі Ұлы Қытай қорғаны мен Қытай табиғатының қатал сұлулығын паш ететін көрініс аясында тұрып сөз сөйледі. Мұның қандай мәні бар екенін түсіну қиын емес: Си Цзиньпиннің артында кез-келген сыртқы қауіп-қатерге қарсы тұруға дайын алып мемлекет тұр.

Америкалық және қытайлық әріптестері баяндамаларының жанында Ресей президентінің сөйлеген сөзі анағұрлым дәстүрлі болып көрінді: Владимир Путин қазіргі замандағы күрделі проблемалардан бастап, БҰҰ төңірегіндегі түйткілді мәселелерге дейін қамтыды. Ресейлік көшбасшы халықаралық іс-шараларға қатысу кезіндегі сөйлеу мәнерін сақтады, тіпті мәтінді телесуфлерді қолданбай, тек қағазға қарап оқып шықты. 

Путин БҰҰ-ның әлемдегі стратегиялық тұрақтылықты сақтаудағы маңызына, тарихты бұрмалауға жол бермеу және қару-жараққа бақылауды сақтау қажеттілігіне, коронавирус эпидемиясымен күрестегі халықаралық күштердің рөліне, сондай-ақ, пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарына айрықша тоқталды.