Covid-19 коронавирустық пандемиясының өршіп тұрған еуропалық эпицентрінде ресейлік "медициналық арнайы күштердің" әрекет етуі әлемдік қауымдастық үшін планетарлық ауқымдағы ең күрделі мәселелерді шешуде жарқын мысал бола алады, деп жазады әскери шолушы Александр Хроленко.
Коронавируспен күресте Италияға тікелей көмек көрсету үшін Ресейдің әскери мамандары мен тиісті құрал-жабдықтары тиелген Ил-76 ұшағы 23 наурызға қараған түні Практик-де-Маре әуебазасына (Римнен 30 шақырым жерде) қона бастады. Италияға вирусолог мамандар мен әскери-медициналық қызметкерлерден құралған 8 мобильді топ диагностикалық аппараттармен, аэрозольді дезинфекциялау автокөліктерімен және басқа да медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп жеткізілді.
Ресей қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Владимир Путиннің тапсырмасымен қорғаныс министрлігі коронавируспен күресте Италияға жедел көмек көрсету үшін 9 Ил-76 ӘКА ұшағынан тұратын авиациялық топ құрды. Италиядағы коронавирустық індетке қарсы күресте мұндай әуе көпірі үздіксіз жұмыс істейді деп күтілуде. Ал ресейлік мамандардың алдында қаупі жоғары әрі жауапкершілігі зор жұмыс тұр. 22 наурыздағы жағдай бойынша Италияда жұқтырғандардың жалпы саны 59 138 болды. Тәулік ішінде 651 адам қайтыс болса, жалпы Covid-19 құрбандарының саны 5 476-ға жетті.
Күш пен құралдар
Ресей президенті Владимир Путин мен Италия премьер-министрі Джузеппе Конте 21 наурызда телефон арқылы сөйлесіп, коронавирустық пандемия жағдайы мен оған қарсы шараларды талқылады. Италиялық тараптың үндеуіне жауап ретінде Путин қажетті көмек көрсетуге дайын екендігін айтып, Ресей ұстанымы пандемиямен күресте ЕО елдерінің өзара алауыздығы мен көпшілігінің оқшаулануына қайшы келетінін білдірді.
Практик-де-Маре әуебазасында вирусологтар мен індетке қарсы күреске арналған жабдықтар тиелген алғашқы Ил-76 ұшағын Италияның сыртқы істер министрі Луиджи Ди Майо мен Республика қарулы күштері бас штабының бастығы Энцо Вичерелли күтіп алды. Ол өз кезегінде осындай қиын сәтте қол ұшын созған Ресейге Италия халқы атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Өте жақын орналасқан еуропалық көршілердің өзі ұзақ уақыт бойы Италияға қаржылай көмектесе алмай отырғанда, бұл әрекет шын жанашырлықтың белгісі болды деді ол.
Солтүстік-атлантикалық альянс әрекетсіз отыр. Италияға вирусологтар мен медициналық жабдықтар тиелген бірнеше ресейлік әскери ұшақ жіберілгеннен кейін, ел үкіметі Пентагоннан да көмек сұрады. Атап айтқанда, Италия қорғаныс министрі Лоренцо Гуэрини АҚШ қорғаныс министрі Марк Эсперден жасанды желдету аппараттары мен медициналық бетперделер сұрады. Рим сонымен қатар, АҚШ әскерлерінің құрамында Италияда жүрген американдық әскери дәрігерлердің көмегіне үміт артады. Алайда, мәлімдемеге Вашингтон жедел жауап берген жоқ.
Ресейдің тоғызыншы Ил-76 ұшағы Италияға 23 наурыз күні таңертең келді. Әскери дәрігерлер тобы барлық қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жарақтандырылған. КАМАЗ автокөлігі негізіндегі мобильді құралдар мен аумақтарды аэрозольмен залалсыздандыруға арналған жылжымалы кешендер Италияның ең көп зардап шеккен аймақтарына жеткізіледі. Ресейден басқа, Венесуэла, Қытай және Кубадан келген медициналық топ өкілдері індетке қарсы күресте италиялықтарға қолдау білдіруде.
Ресей Италияға бірегей мамандары мен дәрі-дәрмектерін және арнайы құрал-жабдықтарын жібере отырып, ең алдымен эпидемиямен, аса қауіпті аурулар санатындағы эбола, сібір жарасы сияқты басқа да аурулармен күресуде өзінің медициналық тәжірибесін ұсынуда. Сондай-ақ, ресейлік мамандар да Италиядағы вирусқа қарсы күресте баға жетпес тәжірибе алады. Ал бұл болашақ үшін қажет-ақ.
Медициналық арнайы жасақ күші
Италиядағы ресейлік мамандар тобы – әлемдік деңгейдегі әскери вирусологтар мен дәрігерлерден құралған. "Медициналық арнайы күштің" бастығы, арнайы өңдеу жүйелерінің соңғы үлгілерін жасаушы әрі оларды қолданудың маманы болып табылатын генерал-майор Сергей Кикоть осылай дейді. Оның сібір жарасы ауруының эпидемиологиялық жағдайын еңсеру мен су тасқынының эпидемиологиялық салдарын жоюда мол тәжірибесі бар.
Медицина ғылымдарының кандидаты, подполковник Геннадий Еремин ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғалымы. Эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу саласындағы беделді маман.
Медицина ғылымдарының кандидаты, подполковник Александр Юманов ресейлік әскери мамандар тобының құрамында эболамен күресудің халықаралық бағдарламасы аясында Гвинея республикасында жылжымалы аурухана орналастырған. Өткен жылы ол Үндістанда АСЕАН мемлекеттерінің әскери медициналық қызметтерінің және "СМОА плюс" MEDEX-2019 интерактивті форматтағы серіктестердің табиғи апаттар мен төтенше жағдайларды эпидемияға қарсы қолдау бойынша жаттығуларына қатысқан.
Вирусология саласындағы сарапшы, подполковник Вячеслав Кулиш – вирустық сипаттағы биологиялық зақымдайтын агенттерден қорғау құралдарын жасаушы болып табылады. Эболаға қарсы вакциналар мен обаға қарсы препараттарды әзірлеуге қатысқан.
Байқасақ, Ресей армиясында коронавирусты жұқтыру жағдайларының бүгінгі күнге дейін тіркелмеуі осындай деңгейдегі ғалымдар мен тәжірибелі мамандар күш-жігерінің арқасында екенін ескермей болмайды.
Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және коронавирустық инфекцияға қарсы тұру үшін 18-19 наурыз аралығында Чкаловский әуежайында дәрігерлер мен әскери полицияның қатысуымен радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің арнайы жаттығуы өтті. Азаматтарды қабылдау және эвакуациялау, карантинді ұйымдастыру және көлік ағынын реттеу мәселелері пысықталды.
Ресей қорғаныс министрлігі ел іші мен алыс-жақын шетелде орын алуы мүмкін оқыс оқиғалардың алдын алуға және оның әрқалай өріс алуына қарсы тұруға әрқашан дайын. Өйткені, табиғи індеттер мен биологиялық қаруды әлі ешкім жойған жоқ.