Саясат

Заңгер: Тоқаевтың БҰҰ-дағы қызметі сайлауға түсуге кедергі болмайды

БҰҰ-дағы қызметі кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев заң жүзінде Қазақстанда болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Женевада БҰҰ-нда қызмет етуі кезектен тыс президент сайлауына түсуге кедергі бола алмайды, деп мәлімдеді заң ғылымдарының докторы Марат Сәрсембаев.

"Керегі не?" Тоқаевқа өзінің суреті бейнеленген билбордтар жақпай қалды

"Дипломатиялық қызмет туралы" заңның 15-1 бабына сәйкес, дипломатиялық қызметкерлер халықаралық ұйымдарға жіберіледі. Қазіргі президентіміз жұмыс бабымен іс-сапарға жіберіліп,  БҰҰ-да қызмет атқарды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде тұрған жоқ, тек қызмет етті. Ол біздің мемлекеттік органдармен байланысын үзген жоқ. Еліміздің азаматы болғандықтан, бәрі Қазақстан заңнамасына сай жүзеге асты", - деді Sputnik Қазақстан баспасөз орталығында заң ғылымдарының докторы Марат Сәрсембаев.

Бұған дейін әділет вице-министрі Наталья Пан президент сайлауына түсетін үміткерлерге қойылатын талаптарда шетелдік іс-сапарлар туралы жазылмағанын айтқан болатын. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауға түсуіне еш кедергі жоқ екенін жеткізді.

Заңгер: Тоқаевтың БҰҰ-дағы қызметі сайлауға түсуге кедергі болмайды

Қасым-Жомарт Тоқаев 2011 жылдың наурыз айынан бастап 2013 жылдың қазан айына дейін БҰҰ бас хатшысының орынбасары, ұйымның  Женевадағы бөлімшесінің бас директоры  қызметін атқарды.

9 сәуір, сейсенбі күні Тоқаев өзінің халыққа үндеуінде Қазақстанда 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған болатын.

Тоқаев президент сайлауына қатыса ма – баспасөз хатшысы жауап берді

Қазақстан президенті сайлауына кандидаттарды ұсыну 10 сәуірден басталып, 28 сәуірде аяқталады, тіркеу 11 мамырға дейін созылады.

Президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы "Сайлау туралы" конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағына сәйкес белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі. Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.