Оқиға

Алматыдағы атыс: инкассаторларға жасалған қарулы шабуылдың мән-жайы

Алматыда ірі туристік фирмалардың бірінің ақшасын тасымалдаушы инкассаторларға қарулы шабуыл жасалған еді
Sputnik

АСТАНА, 17 наурыз – Sputnik. Бағалы заттар мен көп қаражат тасымалдау өте жауапты әрі қауіпті жұмыс. Құнды дүниені бір орыннан екінші орынға жеткізуге бей-жай қарамаған жөн – салғырттықтың салдары, өкінішке орай, орны толмас қайғыға әкеп соғуы мүмкін. Алматыда болған төтенше жайт осыны дәлелдейді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әдеттегі жұмыс күні еді – кенет атыс басталды

Таңсәрі. Алматы орталығы. Қалалық әкімдікке дейін небәрі 500 метр. Одан сәл жоғарыда – президенттің Алматыдағы резиденциясы. Полиция үнемі қатаң бақылауда ұстайтын орын.

Алматының қақ ортасында атыс болды

Бірі жұмысына, бірі сабағына асығып бара жатқан адамдардың арасынан кенет атылған оқ үні естілді. Жаяу жүргіншілер көшеде бір топ адамның атысып жатқанын байқаған. Кейбіреулер жерге жата қалып, оқиғаның соңын күтсе, өзгелер жан-жаққа бытырап, тығылар пана іздеді.

Олег Крылов пен Андрей Сивченко бұл күні таңертең әдеттегі жұмысын атқарып келе жатқан болатын. Олардың алдында туристік компанияның филиалдарын аралап, ақша жинап, бас кеңсеге тасымалдау міндеті тұрды.

Туристік фирманың соңғы филиалы Сәтпаев – Желтоқсан бойында орналасқан. Ақша тасымалдаушылар сол жерде шабуылға ұшырады. Қылмыскерлер инкассаторлардың қала бойынша ақша жинап, соңғы нүктеге қомақты сомамен келетінін алдын ала білген сыңайлы.

Шабуылдың алдын ала жоспарланып, бүге-шігесіне дейін есептелгенін полицейлер бірден түсінді.

Шымкент көшесінде атыс: бір адам көз жұмды

Таңғы тоғыз кезінде қос қызметкер қолындағы пакеттерімен Travel Express кеңсесінен шықты. Олардың көлігі көшенің арғы бетінде еді. Машинаға жақындай бергенде, атылған оқ үні естілді. Олег Крылов жарақат алып, құлап түседі. Тұра бергені сол еді, шабуылдаушылардың бірі жетіп келіп, инкассаторды атып тастады.

Екінші инкассатор Андрей Сивченко көліктің артына тығылып, қылмыскерлермен атыса бастады. Ол кеудесі мен аяғынан жарақат алған болатын. Травматикалық қаруымен шабуылдаушыларға ешқандай тойтарыс бере алмағаны айтпаса да түсінікті.

Олег Крылов оқиға орынында қаза тапса, әріптесі Андрей Сивченко бірнеше жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Абырой болғанда, оқиға куәгерлерінің ешқайсысы зардап шекпеген.

Олжасыз кетті

Оқиға орнына келіп жеткен полиция бірден көз жеткізгендей, қарақшылар қомақты қаражатты алып кете алмапты. Екі инкассатордан мұндай қарсылық күтпеген сияқты, өздері де қатты қорқып, ақша туралы ұмытып, қаша жөнелген. Ақша салынған сөмке көлікте қалған екен – онда 14 миллион теңгеден астам қаражат бар болатын.

Қару асынған қаскүнем мешітте намаз оқып жатқан адамдарды қырып салды

Полицейлердің бастапқы болжамына сәйкес, қылмыскерлер компаниядағы қызметкерлердің бірімен таныс болған, әлгі адам қасақана немесе өзі де білмей барлық мәліметті берген болуы мүмкін. Кейінірек бұл пайымдау расталды.

Қылмыстық істің материалында аталып өткендей, аптасына ондаған миллион теңге табыс табатын ірі туристік компания қауіпсіздігіне немқұрайлы қарап, қомақты соманы тасымалдауды жеке кәсіпкерлерге сеніп тапсырыпты, олар шабуыл кезінде қалай қорғануды білсе де, сертификатталған білікті мамандар емес еді. Негізінде Алматыда құнды жүктерді тасымалдайтын 80 ресми күзет фирмасы қызмет етеді.

Полицейлер басты айғаққа күтпеген жерден тап болды

Қылмысты тергеу әдеттегі тәртіппен басталды – жақын маңдағы аулаларды аралап, бейнебақылау камераларындағы видеоны шолу. Соның арқасында полиция қылмыскерлердің жүрген бағдарын анықтады, бірақ бірде-бір камера шабуылдаушылардың түрін түсіре алмаған екен. Жаңа айғақ күтпеген жерден шыға келді.

Қостанайдағы шабуыл: полицейлерден өш алмақ болған ер адамға сот үкімі шықты

Атыстан соң бірнеше күн өткеннен кейін полицияға оқиға орнына жақын жерде тұратын бір әйел хабарласты. Оның айтуынша, аулада белгісіз біреулер сөйлесіп тұрып, бұта арасына тапанша лақтырып кетіпті. Әйел қаруды қолына алуға жүрексініп, бірден тәртіп сақшыларына қоңырау шалған.

Баллистикалық сараптама тез арада жүргізілді. Тапаншада қылмыскерлердің саусақ ізі де қалыпты. Соның арқасында күдіктілердің бірі полицейлерге жақсы таныс адам екені анықталды: бұрын сотталған азамат - Сергей Авдюков.

Авдюковтың қылмысқа қатысы бар екеніне еш күмән болған жоқ. Енді сыбайластарын анықтап білу ғана қалды. Ол үшін жедел қызметкерлер оның ұялы телефонындағы соңғы бірнеше айда хабарласқан бүкіл нөмірлерді тексеріп шықты. Сөйтіп, шабуылдың басты ұйымдастырушысы – 38 жастағы Андрей Танаков табылды. Оқиға куәгерлері де күдіктіні бірден таныған. Көп ұзамай қала шетіндегі Боралдай ауылында тағы бір қылмыскер 33  жастағы Хаваж Мухатдинов ұсталды.

Шабуыл қалай әзірленді

Шабуылға қатысқандардың бәрін ұстағаннан соң полиция қылмыстың схемасын құрып, қалай әзірленгенін зерттей бастады. Сол кезде қылмыскерлердің қажетті ақпаратты қайдан алғаны белгілі болған.

Шетелдіктер Қазақстанда теракт дайындады: арнайы операцияның видеосы шықты

2012 жылы туыстарының бірінің тойында Андрей Танаков туристік фирманың қомақты қаражатын жеке кәсіпкерлер тасымалдайтынын естіпті. Бұл туралы компанияда істейтін қызметкер әйел құрбысымен сөйлесіп отырып, айтып қалса керек.

Бірақ Танаков бірден іске көшпей, әуелі ақшаны қалай тасымалдайтынын біліп алғысы келеді. Сөйтіп, ол бір жыл бойы тиісті уақытта кеңселердің біріне келіп, арам ойын қалай жүзеге асыруды ойластырады. Тіпті 700 долларға тапанша да сатып алған.

Мұндай қылмысты жалғыз өзі жасай алмайтынын түсінген Танаков көмекші іздей бастайды. Хаваж Мухатдинов сыбайлас болуға келіседі.

Инкассаторлардың қозғалыс графигін, ережелері мен әдеттерін Танаков әбден зерттеген. Бір жыл бойы аңдып, шабуылды мұқият жоспарлайды. Нәтижесінде ең қолайлы жер ретінде Желтоқсан – Сәтпаев көшелері қиылысындағы кеңсені таңдапты. Қылмыскерлер мұнда талай рет келген екен. Шабуылды қалай жасайтындарын, қай жерге тығылатынын, полиция келсе, қалай қашатындарын ақылдасқан.

"Кісі өлтіргіміз келген жоқ"

Инкассаторларды өлтіруді ойына да алмағанын Танаков бірінші тергеуден-ақ мәлімдеді.

Ақтауда түнгі клубтың жанындағы төбелес атысқа ұласа жаздады – видео

Ақша тасымалдаушылардың аяғынан оқ атып, қаражат салынған сөмкелерді алып, қашып кетуді ғана жоспарлаған екен. Бірақ бұл схемаға жаяу жүргіншілер кедергі жасаса керек: шабуыл кезінде көшеде адам көп болыпты. Қылмыскерлердің ақша толы сөмкеге қарауға мұршасы келмей, оқиға орнынан қашуға мәжбүр болған.

Тергеу барысында анықталғандай, шабуыл жасаушылар тұрақты қылмыстық топ емес екен. Олар алғаш рет бірлесіп, қарақшылық жасапты. Сол себепті ешкім таппайды деп үміттенген. Шабуылдан соң сыбайластар бір-ақ рет кездесіп, қайта жолықпаймыз деп шешкен көрінеді.

Қарақшыларды қалай жазалады

Туристік фирманың инкассаторларына жасалған қарақшылық шабуыл бойынша сот процесі бір айдан астам уақытқа созылды. Сотталушылар қатарында қылмыс жасаған екі адаммен қатар Танаковқа тапанша сатқан Сергей Авдюков те болды.

Авдюков шабуылға тікелей қатыспаса да, заңсыз қару сақтағаны үшін айыпталды. Ол сот үкімімен жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Шабуылды ұйымдастырушы Андрей Танаков 19 жылға сотталды. Ал Хаваз Мухатдинов үкімге сәйкес 20 жыл түрмеде отырады, себебі инкассатор Олег Крыловты атып өлтірген сол болатын.