АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Forbes журналы 2019 жылғы әлемдегі ең бай адамдардың рейтингісін жариялады. Тізімге 5 қазақстандық кірді.
1-орында Владимир Ким тұр. Оның дәулеті – 4,5 миллиард доллар.
2-орынға Болат Өтемұратов жайғасты. Оның дәулеті 3,4 миллиард долларға бағаланды. Әлемдегі ең ауқатты азаматтардың тізімінде 645-орында. 2018 жылы Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың тізімінде 3-орында болған, әлем бойынша 924-орыннан көрінді. Қазақ кәсіпкері өткен жылы 800 миллион доллар табыс тапқан.
Болат Өтемұратов – АТФ Банкінің негізін қалаушылардың бірі. Ол ForteBank, НАРХОЗ университеті, RG Gold алтын өндіру компаниясы, Қазақстандағы, Informburo порталы, Global Development жылжымайтын мүлік компаниясы және түрлі салада жұмыс істейтін басқа да компанияларға иелік етеді.
3 және 4-орында Қазақстандағы ең бай отбасы – Тимур және Динара Құлыбаевтар. Әлемдік байлардың тізімінде 715-орында (2018 жылы 729-орын) тұр.
Әрқайсысының дәулеті 3,1 миллиард долларды құрайды. Олар жалпы $6,2 миллиард долларға иелік етеді.
Өткен жылы ерлі-зайыпты Құлыбаевтардың әрқайсының байлығы 3,2 миллиард долларға бағаланған.
Биыл еліміздегі ең бай адамдардың рейтингісінде олар 1-орыннан 3-орынға сырғыған.
Сондай-ақ Динара Құлыбаева "Мирас" халықаралық мектептер желісіне иелік етеді.
5-орында – Әлижан Ибрагимов. Ол – әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде 1008-орында (2018 жылы 1070 орында) тұр. Оның табысы өткен жылмен салыстырғанда артпаған, дәулеті – 2,3 миллиард доллар.
Ең бай қазақстандықтардың жалпы байлығы 16,4 миллиард долларға жетті.
Айта кетейік, бай-бағландардың дәулеті туралы жазатын АҚШ-тың Forbes журналы аталған рейтингті 2019 жылдың 5 наурызында жариялады.