"Мені халыққа танытқан кино" деп өмірін өнерге арнап, бар қиындықты табандылығымен жеңе білген Әмина Өмірзақованың сахнада сомдаған рөлдері бір төбе, ал кино әлеміндегі образдары өз алдына бөлек әңгіме десе де болады. Бір кездері орыс режиссері Александр Карпов халық әртісінің шеберлігін жоғары бағалап, бүкіл ананың жиынтық образын бір адамның бейнесінде ұсынды. Расымен де, соғыс уақыты қазақ әйелінің болмысын түгелдей өзгертті. Себебі самайы ағарған аналар қайнатып отырған құрты мен күнделікті үйреншікті тіршілігін шетке ысырып, тылға еңбек етуге аттанды. Актриса әртүрлі образы арқылы осы қазақ әйелінің шынайы бейнесін көрсете білді. Кинотанушы мамандардың айтуынша, оның өнері бірінші кезекте осынысымен құнды.
1934 жылы болашақ актриса Ленинград қаласындағы театр мен кино өнері институтының жастарды оқуға шақырған хабарландыруын көреді. Кейін жолы болып оқуға түсіп, актерлік шеберлік мамандығы бойынша білім алады. Небәрі 15 жастағы Әмина Өмірзақова КСРО халық әртісі Василий Меркурьев пен профессор Ирина Мейерхольдтан білім алып, актерлік техниканың қыры мен сырын меңгере бастайды. Институт қабырғасында жүріп "Ленфильмнің" көптеген туындысында екінші деңгейлі рөлдерді сомдап, кино әлеміне қадам басады.
Тағы оқыңыз: Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны
Оқуды тәмамдағаннан кейін Әмина Өмірзақова 1938 жылы Василий Меркурьев шәкірттерімен бірге Шымкент қаласында ашқан қазақ драма театрына жұмысқа тұрады. Алғаш Мұсатай Ақынжановтың "Ыбырай Алтынсарин" атты тарихи пьесасында Шәуәлидің рөлін сомдайды. Пьесада бала іс-әрекетін, жүріс-тұрысын айнытпай салуы, оның дауысын нанымды келтіруі Әмина Өмірзақованы зор табысқа жеткізеді. 1958 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық Жастар театрының фестивалінде Шәуели мен Дмитрий Фурмановтың "Бүліншілік" пьесасындағы Камал рөлі үшін лауреат атанып, І және ІІ дәрежелі құрмет дипломымен марапатталады.
Кейін 1949-1999 жылдары аралығында Алматы қаласында орналасқан Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасында Шиллердің "Зұлымдық пен махаббатында" Луизаның, Қапан Бадыровтың "Алтын сақасында" мыстан кемпірдің, Борис Горбатовтың "Әкелер жастығында" Ефимчиктің, Шахмет Құсайыновтың "Рабиға", "Біздің Ғани", "Күн шуақтасында" Рабиға, Сағадат және Қанзипаның, Шекспирдің "Екі верондығында" Джулияның, Сәбит Мұқановтың "Мөлдір махаббатында" Қалисаның, Тахауи Ахтановтың "Күшік күйеуінде" Гүлжамалдың, Шыңғыс Айтматовтың "Алғашқы мұғалімінде" Алтынайдың және т.б.-лардың рөлін сомдады.
Таныстары неге актрисадан теріс айналды?
Әмина Өмірзақованың Сәкен Жүнісовтің "Қызым саған айтам…" атты пьесасындағы рөлін ерекше атап өтуге болады. Себебі бұл қойылымда актриса алғаш рет жағымсыз рөлді сомдап, өнерінің жаңа бір қырын танытқан-ды. Қалың көрерменге әрдайым күлімсіреп, дана қыз-келіншектердің рөлін сомдайтын актриса бұл жолы жеңілтек әрі қу Шүйкетайды ойнады. Халық әртісі осы рөлінде жақындарына сын көзбен қарап, олардың ішкі сырын біліп алуға ұмтылады. Актриса әртүрлі мінезді, әртүрлі жастағы кейіпкерлерді шынайы әрі табиғи қалпында жеткізуге тырысты.
Жетістіктерінің көп болғанына қарамастан, Әмина Өмірзақованың тағдыры бақытқа толы болды деп айту қиын. Себебі қазақтың зиялы қауым өкілдерімен бірге оның ағасы да репрессияға ұшырап, соғыс қарсаңында оны театрдан шығарып жібереді. Жақын адамдары теріс айналып, афишалардың барлығынан дерлік есімін алып тастайды.
Соғыс жылдары "Мосфильм" мен "Ленфильм" киностудиялары Алматы қаласына көшіп келіп, елдегі кинолардың 80%-і осы жерде түсіріледі. Көп ұзамай кино саласының дамып келе жатқанын білген Әмина Өмірзақова монтаждаушы мамандығын меңгеріп, кейін "Қазақфильмнің" мұздай суық студиясында күн-түн демей жұмыс істеуге мәжбүр болады.
Бірде оны шеберханада отырған жерінен танымал режиссер Григорий Рошаль байқап қалады. Режиссер осы кезде "Абай әндері" фильміне басты рөлді сомдайтын кейіпкер іздеп жүрген болатын. Халық әртісінен бөлек басқа да актрисалар бақ сынап көреді.
Мұхтар Әуезов Әмина Өмірзақоваға неге қарсы келді?
Тізімге он үшінші болып жазылған актриса іштей "Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Табалова сынды сұлу актрисалар тұрғанда маған не жоқ?" деп ойлайды. Тіпті сценарийді жазған Мұхтар Әуезов "Ажарды мұрны пұшық қыз сомдай ма? Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес" деп қолын сілтейді. Осы кезде Рошаль сабырмен "Біздің шеберлер кез келген грим жасай алады. Ал сіз оданда оның көзіне қараңызшы! Қаншалықты керемет десеңізші" деп көндіреді. Түсірілім кезінде Әминаға арнайы зат — гумустан мұрын жасайды. Камера түсірген кезде ғана сөйлеуге рұқсат беріледі. Ал қалған уақытта үнсіз, тіпті, аш жүруге мәжбүр болады. Себебі, жасанды мұрны құртылуы мүмкін еді.
"Абай әндері", "Ақ раушандағы" рөлдері — олардың қай қайсысы болса да, екінші рет қайталанбайтын дара бейнелер еді. Алғашқысында Ажардың бойындағы төзімділік пен оның достарына деген ыстық ықыласы, турашыл мінезі мен батылдығы Әмина арқылы қазақ халқына кең тарады. Түсірілім жұмыстары басталмас бұрын режиссер Григорий Рошаль актрисаға үлкен сенім артатынын ашық білдіреді. Осы жауапкершілікті сезінген актриса күрделі образды сәтті сомдап шығады.
Актриса жүктілігін режиссерден жасырды
Расымен де, оның "Абай әндері" фильміндегі алғашқы рөлі зор табысқа ие болды. Осыдан кейін актрисаға режиссерлер тарапынан көптеген ұсыныс түсіп, түрлі туындыдан бой көрсетеді. Халық әртісі әйгілі Наталья Ильинич Сацпен кездеспегенде тағдырының қандай болуы мүмкін екенін елестету қиын. Әмина Өмірзақова түсірілім жұмыстары аяқталғаннан кейін де киностудияда монтаждаушы болып жұмысын жалғастырады. Ал театрға ол күйеуінің арқасында оралады.
Тағы оқыңыз: Фариза Оңғарсынова туралы қызықты деректер
1945-46 жылдары аралығында Наталья Сац жасөспірімдер мен балалар театрын ашқан кезде Камаси Өмірзақовты алғашқылардың бірі етіп жұмысқа қабылдайды. Бірде Шекспирдің пьесасындағы Джулияның рөліне актриса табылмай театр біраз қиналады. Сонда Камаси Наталья Сацке "Менің әйелімді осы рөлге байқап көріңізші. Ол өте әдемі әрі талантты" деп ұсынады. Сац Әмина Өмірзақованың бір ойынын көрген соң-ақ оны труппаға қабылдап, актриса осы жерде өмірінің соңына дейін жұмыс істейді.
Бүгінде отандық кинотанушы мамандар халық әртісінің шеберлігіне тәнті екенін жасырмайды. Әсіресе, үлкен пландағы түсірілімдерге келгенде.
Ана бейнесінің ерекше кінәмшіл келіп, жасандылықты көтермейтінін білген актриса осы фильмді түсірмес бұрын жаз бойы ауыл адамдарымен бірге тұрады. Олардың қым-қуат тіршілігімен етене танысып, егін алқабына барып, орақ шалуды үйренеді. Тіпті, ауыл адамдарымен киімдерін ауыстырып алады.
"Күлмес ханның өзін еріксіз езу тартқызатын"
Актрисаның тағы бір есте ерекше қалған рөлі — "Тақиялы періштедегі" Тайлақтың анасы. Осы Тайлақты сомдаған кейіпкер Әбілғазы Райымқұлов актриса қайырылмас мәңгі сапарға аттанғанда бір қабырғасының қаусап, түсіп қалғандай күй кешкенін айтады. Бірде араға көп жыл салып актрисаның үйіне барғанында ол кісі "Келмегелі қанша болды? Неге бір шәушім шайға келмей жүрдің?" деп ұрысып, ілініп тұрған қамшымен әзілдеп ұрмақ болған екен.
Ал театр актрисасы Роза Әшірбекқызы өзін Әмина Өмірзақованың туған қызындай сезінгенін айтады. Өнерге алғаш қадам басқанында ерекше көңіл бөліп, рөлді қалай дұрыс сомдау керектігін үйреткен екен.
Тағы оқыңыз: Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының өмірбаяны
"Өнер мен біздің театрда жүрген актер-актрисаға деген мейірімділігі мен аналық қамқорлығы өте жоғары болды. Бір кемшілік көріп тұрса, шыдап отыра алмайтын еді. "Сөйлеген сөзің де мына рөлге сәйкес емес" деп шын айтып, керемет бағыттар беретін", — деп естелігімен бөлісті актриса.
Әмина Өмірқазовамен бір терінің пұшпағын илеп, бір сахнада өнер көрсеткен актер Досхан Жолжақсынов актрисаның күлкісінің ерекше болғанын айтады. Түсірілім арасында айтыс ұйымдастырғанда марқұм актриса Кәукен Кенжетаевтың жақтасы болып, тапқырлығымен көмектесіп отырған.
Дүниеге келмей жатып аттан құлаған ұл ішімдікке салынды
Жақындарының айтуынша, Әмина Өмірзақова дүниеден баз кешкен адамның есін жиғызып, олардың бойына сенім ұялататын ерекше қабілетке ие болған. 15 жасында Юлий Карасиктің "Жабайы ит Динго немесе алғашқы махаббат туралы повесть" фильмінде Фильканың рөлін сомдаған Талас Өмірзақов халықаралық фестивальде гран-приді иеленеді. Жасөспірім балаға танымалдылықты көтеру қиынға соғады. Себебі, Мәскеу, Ленинград, Кавказ, Моңғолия, Қытай, Франция, Англия сынды қалалар мен мемлекеттерде тұрып жатқан қыздардан көптеген хат келеді. Олардың барлығы да жас актерге ерекше қошемет білдіріп, дос болуды армандайтынын жазған.
"Әкем кейде "Анаң екеуіміз еңбегі сіңген әртістерміз. Ал сен екеуімізді де басып оздың. Карьераң басталмай жатып, мұндай жүлде алып жатсың!" деп мақтайтын. Осы мақтанды көтере алмай теріс жолға түсіп, ішімдікке салынып кеткен кездерім де болды. Әкемнің қазасы жағдайды бұрынғысынан бетер қиындатып жіберді. Мен түптің-түбіне түстім десем де болады. Сонда мені тоқтатудан шаршаған анам "Балам, жаңа өмір баста немесе бұл өмірден кет. Әкеңді жаман атқа қалдырма" деді. Осы сөздер менің қалыпты өмірге оралуыма түрткі болды. Бірден ішімдіктен бас тартып, бір жылдай уақыт қана қиналдым", — дейді Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры Талас Өмірзақов.
Әмина Өмірзақова неге екінші рет тұрмысқа шықпады?
Актриса небәрі 45 жасында жесір болып қалады. Күйеуі күтпеген жерден дүниеден озды. Бір күн бұрын қойылымға дайындалып, таңертең өкпе артериясы үзіліп көз жұмды. Жалғыз қалған Әмина Өмірзақоваға осыдан кейін ер азаматтар тарапынан көптеген ұсыныс келіп түседі. Алайда актриса өзі үшін әйел бақыты бір рет қана бұйырады деп шешіп, толықтай жұмысқа беріледі.
Тағы оқыңыз: Оралхан Бөкейдің қиын тағдыры
Театр, кино, телевидение, радиода жұмыс істеп қана қоймай, қалалық кеңестің депутаты болады. Сонда екі ұл, бір қызы "Анашым, сен бізге қарағанда, басқаларға көбірек көңіл бөлесің" деп ренжіген екен. Ал актриса мұндайда "Сендер өз-өздеріңді алып шығасыңдар. Ал басқаларға көмектесетін ешкім жоқ" деп жауап берген.
Халық әртісі мәңгілік сапарға аттанбас бұрын бірнеше жыл бойы полиартрит, диабет, қан қысымы, жүрегі мазалап, жүре алмай қалады. Немересі Әрсен жағдайының мүшкіл екеніне қарамастан, әжесінің әрдайым күлімсіреп жүргенін айтады. Тіпті, баяу болса да, асты өзі әзірлеген.
Көрермен көзайымына айналған актриса 2006 жылдың қыркүйегінде көз жұмды. Осы кезде ұлы Талас Өмірзақов көпке дейін өзіне келе алмай қиналғанын жасырмайды. Ұзақ уақыт ол үйге келе салысымен бұрынғы әдетінше "Анашым, мен келдім" деп айтатын болған екен.
Соңында мол мұра қалдырған актриса 1958 жылы Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі, 1965 жылы Қазақ КСР Халық әртісі, 1967 жылы қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның жоғарғы марапаты "Еңбек Қызыл Ту" ордені, КСРО-ның "Ерен Еңбегі үшін" медалінің иегері атанып, КСРО-ның "Еңбек ардагері" медалімен, 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік марапаты Отан орденімен марапатталды. 2001 жылы Қазақстанның Тәуелсіз "Платинды Тарлан" сыйлығының иегері атанып, 2004 жылы "Ұлы Отан соғысына 60 жыл" мерекелік медалін алды.